«ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» Декларациясы қабылданды

  • 90
  • 13.06.2025, 18:38

Астанада «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» Декларациясы қабылданды. Құжат отбасы мен қоғам өміріндегі ерлердің рөлін айқындауға, олардың репродуктивті және психикалық денсаулық бағдарламаларына қатысуын арттыруға бағытталған.

Декларацияның маңызы мен өзге де міндеттері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған 10-шы республикалық әкелер форумында айтылды.

Іс-шара 200-ге жуық адамның басын қосты. Олардың арасында Мәжіліс депутаттары, БҰҰ қорының өкілі, «Әкелер одағының» өңірлердегі мүшелері бар. Форумда ата-ана болу, бала тәрбиесі, отбасы мүшелерінің денсаулығы секілді маңызды мәселелер көтерілді. Тақырыптар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында айқындап берген бағыттар негізінде белгіленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – қауіпсіз, зорлық-зомбылықсыз және өмірлік бағыты түзу жаңа ұрпақты қалыптастыру.

Айта кетейік, елімізде маусымның үшінші жексенбісі Әкелер күні аталып өтеді.

Еркін Тобылбаев, мұғалім:

- Қазіргі таңда әлеуметтік, материалдық құндылыққа бағыт алып кеткендіктен, әкелер рөлін көтеру біздің – басты міндетіміз. Себебі қазақта бұрын әкесін сыйлаған адам ол ешқашан да қор болмаған және де әкенің рөлін дамыту арқылы біз ұлды да тәрбиелейміз, қызды да тәрбиелейтін боламыз.

Бекдайыр Күзембай, республикалық «Әкелер одағы» төрағасының орынбасары:

- Форумның негізгі модератор-спикерлері Президентіміздің әр құрылтайда айтатын сол бес кеселмен күрес айналасында өрбіттік. Осы форумда әкелердің декларациясын қабылдайық деп жатырмыз. 21-ші ғасырдың әкелері қалай болу керек? Сол туралы сол декларацияда бәрі анықтап жазылған.