Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштердің 95%-і кері қайтарылған

  • 119
  • 13.06.2025, 18:37

Осы уақытқа дейін Конституциялық Сотқа 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Алайда оның 95 проценті кері қайтарылды. Себебі арыз-шағымдардың басым бөлігі талапқа сай келмейді.

Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Мамандардың сөзінше, институт мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын арттырып, Конституцияның үстемдігін нығайтады. Азаматтардың да құқықтарын қорғау тетігін кеңейтеді. Ал ол үшін өтініштер толық дәлелдер мен нақты нормаларға сай толтырылуы тиіс.

Конституциялық Сотқа Президент, Премьер-министр, Парламент спикерлері мен судьялардан басқа, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен барлық азаматтар жүгіне алады.

Тастемір Әбішев, ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Оны Қазақстанның азаматтары шағым жазады деп ойлап қалмау керек. Кез келген азамат, егер Қазақстанда тұратын болса және қандай да бір заң немесе нормативтік-құқықтық акт — мейлі ол Үкіметтің, әкімдіктің немесе басқа мемлекеттік органның актісі болсын — өзінің құқықтарына қайшы келеді деп есептесе, Конституциялық Сотқа арыз-шағым жолдауға толық құқылы.