Алматыдан Қытай қалаларына тікелей ұшатын әуе рейсі ашылуы мүмкін

  • 48
  • 16.06.2025, 18:38

Алматыдан Қытайдың Шанхай, Сиань, Шаньдун сияқты ірі қалаларына тікелей ұшатын әуе рейсі ашылуы мүмкін. Қазір қос ел арасында келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Қазақстандағы Қытай туризмі жылының ашылу салтанатында белгілі болды. Былтыр аспан асты елінен 655 мың турист келген. 2023 жылмен салыстырғанда бұл 78% көп. Биыл да көрсеткіш еселене түспек. Тек ендігіде Қазақстаннан Қытайға баратын турист те көбейеді. Екі елдің мәдениет және туризм саласының министрлері бірлескен музей туралы меморандумға қол қойып, жібек жолына арналған көрмемен танысты. Онда Қытай халқының 5 мың жылдық жібек өндіру технологиясын көрсететін 130-дан астам экспонат қойылды. Көрме 8 тамызға дейін ашық. 

Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Бес айдың қорытындысы бойынша 300 мыңға жуық келіп отыр. Биыл енді осы көрсеткішті одан да асырып-түсіруге тырысамыз. Жобамен бір 20-30-ға артады деп күтіп отырмыз. 

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музей директоры:

- Болашақта тағы да 5 жылға осы 2 музейдің арасында біз бірігіп жұмыс істейміз. Олар тек қана өз мәдениетін емес, біздің мәдениетке де қызығады. Біз де ол жаққа көрмеге баруды жоспарлап отырмыз.