Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана қаласының 28 оқушысы «Ерекше балаларға арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасына қатысып, сертификат алды. Олар 6 ай бойы «Қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету колледжінің» базасында кәсіби даярлық курстарынан өтті.
12 мен 18 жас аралығындағы балалар «Наубай», «Кондитер», «Тігінші» мамандықтары бойынша білім алған. Ине сабақтаудан бастап тігін машиналарымен жұмыс істеуді, нан илеп, дәмді тағамдар мен тәттілерді пісіруді үйренген. «Сабақ барысында қатысушылар өз бетінше жұмыс істеуге, өзіне деген сенімділікті арттыруға және болашақ мамандығын жоспарлауға мүмкіндік алды», - дейді ұйымдастырушылар.
Елдос Иманбаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Бұл курстардың пайдасы көп. Өйткені қоғамдық, әлеуметтік жағынан. балам басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Екіншіден, өзі тамақ пісіруді үйренді, тәттілерді пісіруді үйренді. Өзіне өте пайдалы. Егер қолымен жұмыс істеген кезде ұсақ моторикаға әсер етеді де, ойлау қабілеті жақсарады.