Жамбыл облысында 50-ден астам сырқат бала арнайы тамақтан қағылды

  • 51
  • 17.06.2025, 18:44

Жамбыл облысында асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруына шалдыққан 50-ден астам бала тегін берілетін арнайы тамақты ала алмай жүр.

Қымбат тағамды ата-аналардың алуға қалтасы көтермейді. Бұл дертке шалдыққан адам өмір бойы дұрыс тамақтанып, глютенсіз өнімдерді тұтынуы керек. Ал емханаларда тегін берілетін арнайы азық-түлік жиынтығы былтыр күзден бері берілмеген. Денсаулық сақтау басқармасы азық-түлікке өтінімді уақытында берілгенін, бірақ қабылданбағанын айтады. Енді алдағы 2 апта ішінде қажетті өнімдерді сатып алуға өтінішті қайта береді. Шілде айында мәселені шешуді жоспарлап отыр. Жалпы биыл арнайы тағамның 6 түрін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 113 миллион теңге бөлінген. 

Гүлдана Назымбекова, қала тұрғыны:

- Екі квартал өтіп кетті. Бізге әлі тамақтандыру берілген жоқ. Біз соны талап етіп, осы целакиямен ауыратын балалардың аналары жиналып, Жамбыл облысы бойынша талап еттік. Жиналыс болған сайын бізге шегеріп, беріледі, беріледі деген құр әңгімемен келіп жатыр. Ал бірақ іс жоқ. Тамақтандыру неге берілмейді деген сұрақпен  келіп  отырмыз.  

Сержан Назарбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша біз нақты атаулар мен компания атын анық көрсете алмаймыз. Сол себепті де осындай қиындықтар туындап отыр. Конкурс жарияланғанымен, ол қабылданбады. Енді біз Шымкент қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, техникалық ерекшеліктерді нақты көрсетеміз. Осылайша бұл мәселені реттейміз.