Ақтөбедегі Оңтүстік–Батыс шағынауданының тұрғындары жол құрылысын тездетуді талап етіп отыр. Былтыр басталған жұмыс әлі күнге дейін аяқталмаған. «Салдарынан көше саз-балшыққа айналды», - дейді олар.
Қаланың Оңтүстік–Батыс шағынауданындағы көшелер былтыр жөнделе бастаған. Бірақ мердігер ұйымның жұмысы көңіл көншітпейді. «Жаңбыр жауса, жол езіліп, саз-батпаққа айналады», - дейді тұрғындар.
БЛИЦ-сауалнама:
- Былтыр мына бордюрлардың барлығын қойды-қойды да тастап кетті. Оның бәрі шашылып, далада қалды. Былтырдан бері көк шаңның астында жатырмыз. Қайта-қайта айтылып жатыр. Бірақ одан шығып жатқан ешқандай нәтиже жоқ.
- Енді жаңағы компаниялар биыл асфальттаймыз деп жатыр. Егер асфальттап берсе, мына автобус жүретін – негізгі көше ғой. Сосын міне, Таранғұл. Таранғұлда да қарасаңыз, шұңқырдан–шұңқыр.
Бұл шағынауданда 22 көше жөнделуі тиіс. Жоба 3 жылға арналған. Жұмыс барысын техникалық қадағалау мамандары мен сарапшылар бақылап отыр. Олардың айтуынша, асфальт жабындысынан алынған сынамалар талапқа сай емес.
Тельман Малаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры:
- Төселген ірі дәнді асфальт бетон және ұсақ дәнді асфальт-бетон жамылғысынан алынған керннің зертханалық қорытындысы бойынша өзінің сәйкес еместігін анықтап, оны хатпен мердігер ұйымға және тапсырыс берушіге жолдадық.
Мердігер ұйымның жұмысына шенеуніктердің де көңілі толмайды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, жұмыс қарқыны тым баяу. Оның үстіне сапасы да нашар.
Әділбек Ахмет, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Тайманов көшесінде салынған асфальтта кемшіліктер анықталды. Жол лабораториясында жүргізілген тексерісте керндар дұрыс алынбағаны белгілі болды. Сонымен қатар, техникалық технадзордың бақылауында имульсияның қолданылмағаны анықталды. Жұмыс қарқыны да өте төмен.
Шенеуніктер мердігер ұйым өкілдеріне қатаң ескерту жасап, жұмыс қарқынын тездетуді тапсырды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айбек Даутов