Абай облысы Курчатов қаласында жылдар бойы бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп жатыр. Биыл 106 пәтер болатын осындай екі үй жаңарды. Қайта жөнделген баспаналар көпбалалы аналарға, жетім балаларға мен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тегін беріледі. Тұрғын үй кезегінде әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметкерлер де бар.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қаңырап бос тұрған көпқабатты үйлердің қазіргі көрінісі осындай. Ал мынау жөндеуден кейінгі келбеті. Құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді қайта жаңғыртып жатыр. Яғни шатырын жөндеп, қасбетін қалпына келтіреді. Инженерлік жүйелерін түгел қайта жаңартады.
Үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асып отыр. Құрылыс аяқталған соң пәтерлерді мемлекет сатып алады. Кейін баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі. Бүгінде Күрчатовта 244 адам баспана кезегінде тұр.
Берік Жолдахмет, Курчатов қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы:
- «Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл үй де толық жөндеуден өтеді. Еденіне линолеум төселеді. Төбесіне тартпа (натяжной) төбе орнатылады. Қабырғаларына тұсқағаз жапсырылады. Одан кейін су, жылу – барлығы осы үйлерге кіргізіледі.
Көпқабатты тұрғын үйдің біреуі шілде айында халық игілігіне беріледі. Ал екінші үйдің құрылысы қыркүйекте аяқталады. Бұл жаңалыққа Курчатов тұрғындары қуанышты. «Себебі бос тұрған үйлер қаланың көркін қашырып тұрған еді», - дейді.
БЛИЦ-сауалнама:
- Біз қуаныштымыз, енді бұл үйлер бос тұрмайды. Қаламыз көркейіп, жандана түседі. Бұрын бұл үйлердің жағдайы нашар еді. Балалар үшін де қорқынышты болатын.
- Менің ойымша, бұл өте дұрыс шешім. Адамдарға пәтер берілгені жақсы. Бір жағынан туған қаламыздың көркін бұзбай, қайта жаңартады.
Қазіргі таңда Курчатов қаласында бос тұрған 8 көпқабатты үй бар. Соның екеуі биыл қалпына келтіріледі. Ал келесі жылы тағы екі үйді жөндеу жоспарланып отыр.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы