2026 жылы үш ауысымды мектептер жойылады

  • 24
  • 18.06.2025, 18:46

Алматы облысында 2026 жылы үш ауысымды мектеп болмайды. Бұған алдымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы оң әсер етіп отыр. Өткен жылы өңірде 12 жаңа мектеп ашылды. Соның 9-ы келешек мектебі. Үш білім ошағы жеке инвестордың қаржысына салынды. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 26 білім ошағы салынады. Өткен жылы 11 100 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді. Соның арқасында өңірдегі үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 30-ға дейін қысқарды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша бір ғана Қарасай ауданының өзінде 6 мектеп ашылды. Заманға сай жабдықталған білім ошақтарында 8 мыңнан астам оқушы білім алады. Сондай мектептердің бірі Қарасай ауданындағы Қошмамбет ауылында пайдалануға берілді.

Әсел Еркінбаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Жалпы осы «Келешек мектептері» бағдарламасы бойынша салынған мектептер ауданымыздағы үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің проблемаларын жойды. Сонымен қатар тасымалдау мәселелері шешілді. Қазіргі таңда үш ауысымды 8 мектептен 2 мектеп қана үш ауысымды болып қалып отыр. Оның өзі алда қолданысқа берілетін 2 мектеп аясында шешілетін болады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысында 17 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Көбі Іле, Талғар және Қарасай аудандарында орналасқан. Мұнда әсіресе жалпы орта білім беретін мектебі жоқ ауылдар мен апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге басымдық беріледі. 

Аружан Саржанова, оқушы:

- Мен болашақта өзім программист болғым келеді. Сондықтан да мен робототехника сабағын өте қатты жақсы көремін. Бұл маған миымды дамытуға, логикамды дамытуға үлкен көмегін тигізеді.

Әсем Мойтықова, мектеп директоры:

- Мұнда материалдық-техникалық базалардың барлығы толық қамтамасыз етілген. Мұғалімдерге ғылыми жобалармен жұмыс жасауға, барлығына жағдай жасалған. Оқушылар мектебімізге асыға келеді. Қазір бізде жазғы алаң болып жатыр. Ауылдағы бүкіл тұрғындар қуанып, осы мектепке кез келген уақытта келіп, өздерінің бос уақыттарын өткізуге жағдай жасалған.

Қарасай ауданындағы Елтай ауылында бұрын мектеп болмаған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында онда 1200 орындық білім ошағы салынып, пайдалануға берілді. Долан ауылындағы бастауыш мектеп бірнеше жылдан бері апатты жағдайда тұрған еді. Ондағы оқушылар да өткен жылы жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алды.

Еліміз бойынша биыл 100-ден астам мектеп пайдалануға беріледі. Ол өз кезегінде оқушылардың сапалы білім алуына жол ашады.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев