Батыс Қазақстан облысының ғалымдары киік етінен дайындалған алғашқы шұжық өнімдерін таныстырды. Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет зертханасында құс еті қосылған арнайы рецептура әзірленген. Қазіргі таңда мамандар бұл бағытта ғылыми мақалалар дайындап, өнімге патент алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шұжық дайындау барысында үйрек пен қаз және киік еті қолданылады. Оған түрлі дәмдеуіштер қосылады. Мамандар: «Кейбір ингредиенттер құпия», - дейді.
Айдана Бекбосынова, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушысы:
- Негізінен қарапайым дәмдеуіштер қолданылады: сарымсақ, қара бұрыш, паприка, карри, кориандр және т.б. Әрине, бір құпия ингредиент бар. Оны айта алмаймын.
Жоба жетекшісі Аян Оразовтың айтуынша, бір киіктен шамамен 20 шұжық әзірлеуге болады. Өнімнің алғашқы үлгілерін шығару үшін еттің бактериологиялық қауіпсіздігіне қатысты зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде киік еті тағамдық мақсатта қолдануға толық жарамды деп танылып отыр.
Аян Оразов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тағам қауіпсіздігі зертханасының меңгерушісі:
- Киік еті – тағамдық құндылығы жоғары өнім. 100 грамында шамамен 20 грамм ақуыз, 13 грамм май болады. Бұл оның майлылығы төмен, диеталық ет екенін дәлелдейді. Сондықтан киік етінен жасалатын тағамдар диеталық бағытта үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін.
Шұжық еті «Ақбөкен» питомнигінен алынған. Мұнда бірнеше жылдан бері киікті қолға үйрету тәжірибесі жүргізіліп келеді.
Ербол Маратұлы, Ветеринария ғылымдарының кандидаты:
- Біз екі жылдан бері төл алып келеміз. Бұл Бетпақдала мен Орал популяцияларының кездесуі нәтижесінде болған. Былтыр төлдеріміз ірі болды, максималды салмағы 8 келіге жетті. Биылғы төлдердің максималды салмағы – 5,5 келі. Былтырғы нәтижеге толық жетпей тұр, бірақ біз көңілімізді қалыпты деп бағалаймыз.
Облыс ғалымдары киіктердің санын реттеу қажет деп отыр. Шамамен 700 мың басты аулау қажет деп санайды. Бұл – жалпы популяцияның шамамен 20 пайызы. Жергілікті ет комбинаттары осындай көлемді өңдеуге дайын.
Әлжан Шамшидин, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры:
- АШМ Ветеринария комитеті берген мәлімет бойынша бүкіл Қазақстан бойынша 25 ет комбинатымен келісімшарт бар. Біздің облыстағы 4 ет комбинаты келісім берді деген мәлімет келіп отыр. Егер төртеуі киіктерді аулайтын уақытта басқа жануарларды өңдемей, істейтін болса үлгеріп қалуымыз мүмкін. Бірақ соның өзінде әр ауданға, киіктер жүрген Бөкейорда, Қазталов, Жәнібек, Жаңақала аудандарына тағы да 4 ет комбинаты артық болмайды.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары өңірде киіктер көбейіп, төрт түлік үшін жайылым мен су мәселесі туындаған.
Нұрлан Жақыпбеков, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов