Үкімет басшысы моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді

  • 31
  • 18.06.2025, 18:36

Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналып келеді. Осыған орай шаһардың бұрынғы моноқала статусы қазір өзекті емес.

Бұл туралы ұсыныс Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңесте айтылды. Жиынға шағын қала  әкімдері, бірқатар сала вице-министрлері ,  кәсіпорын басшылары қатысты. Алдағы уақытта Президент тапсырмасына сәйкес моноқалаларды дамытудың тиімді тәсілдері қолданысқа енеді.

Елімізде 20 моноқала бар. Оларда шамамен 1,5 млн астам адам тұрады. Бүгінде күн тәртібінде осы шағын қалалардың экономикасын әртараптандырып, халқының әл-ауқатын жақсарту мәндеті тұр. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, бұған дейін зерделенген шағын қалалрды дамытудың тиімді тәсілдері өңірлерде жүйелі тұрде жүзеге асырылуы қажет. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Моноқалалар өсуге ықпал ете алатын аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни ол үшін «моноқала» мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет.

Алдағы уақытта моноқалаларда индустриялық аймақ құру, IT, туризм және ғылым салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту сынды ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз әрине, әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек.

Екібастұз қаласының дамуына ферроқорытпа зауытының ашылуы оң серпін берген. Жобаны жүзеге асыруға 138 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорында 800-ден астам адам еңбек етеді. Қалада қазір индустриялы аймақ құрылған.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Екібастұз қаласының экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Нақты айтсақ, инвестициялар тарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі күннің өзінде 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы соммасы 2 триллионға жуық қаражат тартылып отыр. 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады.

Моноқалаларды дамыту 78 көрсеткіш негізінде талдандған. Бұған индустриялық аймақ құру нәтижесінде өнеркәсіптік қуаты, халқының әлеуметтік жағдайы артқан Саран қаласының тәжірибесі үлгі ретінде алынды. Бүгінде 43 мың тұрғыны бар Саран дербес қала статусын иеленді. Кезіндегі моноқалада қазір автобус, тұрмыстық техника құрастырылып, шина шығарылады. Бір сөзбен айтқанда бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін біраз жұмыс атқарылған. Қаладағы индустриялды аймақта 6 заманауи кәсіпорын ашылып, оларда 4500 адам еңбек етіп жатыр.

Дарын Бұлқайыр, Саран қаласының әкімі:

- Саран қаласы моноқаладан шыққан болатын. Оған септігін тигізген – Саран индустроиялды аймағындағы 6 ірі жобаның іске асырылуы. Жалпы соммасы 316 миллиард теңге жұмылдырылған болатын. Соның аясында жылдың аяғына дейін тағы екі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Әрине, бұл экономиканың дамуына оң серпінін тигізді.

Жиын соңында Премьер-министр бірқатар нақты тапсырмалар берді. Биыл 1-ші желтоқсанға дейін Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетуі тиіс.  «Ұлытау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақтарды іске қосу бойынша жұмысты күшейтуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит