Иелігінде бірнеше көлік пен жылжымайтын мүлкі бар отбасыларды әлеуметтік қолдау тоқтатылуы мүмкін. Себебі мемлекеттен көмек алып жүргенімен иелігінде коттеджі, 2-3 көлігі бар азаматтар анықталған. Енді әлеуметтік көмекті саралап төлеудің жаңа тәртібі енгізілмек. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Қазір ол тәртіп ілкі жоба ретінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында жүргізіле бастады. Кейін республика бойынша қолданылмақ. Алдымен мамандар нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап алған жөн дейді. Светлана Жақыпова бұл өзгеріс отбасының жан басына шаққандағы табысын иелігіндегі көлік пен жылжымайтын мүлік құнымен қосып есептеуді көздейтінін айтты.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Көпбалалы ана, көпбалалы отбасы категориясы дегендер болмайды. Әлеуметтік қолдау көмекке мұқтаж кез келген жанға көрсетіледі. Мәселен, егер адам ұзақ уақыт ауыратын болса, оның табысы болмаса, бірақ көпбалалы емес, 3 баласы ғана болса мұндай жандарға неге көмек көрсетпеске? Сол үшін нақты критерийлерді анықтап алуымыз керек.