Бүгін Сенат депутаттары тиісті құжатты қабылдады. Оның ішінде 4 мыңнан астамы қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босап шығады. Бұл тізімге жасаған қылмыс дәрежесі «ауыр емес» сотталған кіреді. Ал 11 мың адамның негізгі жаза мерзімі қысқарады. Мәселен, ауыр қылмыс жасаған әлеуметтік осал азаматтардың жазасы үштен бір бөлігіне, ал аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы төрттен бір бөлігіне шегеріледі. Рақымшылық. терроризм, сыбайлас жемқорлық және экстремизм бағытында айыпталғандарға жасалмайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Бұл Заң Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай мемлекет тарапынан жасалған әділеттілік пен гуманизм принциптерін біріктіретін маңызды саяси-құқықтық қадам. Рақымшылық барысында қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға басымдық беріледі. Сонымен қатар заң шеңберінде рақымшылық жасау қолданылмайтын нақты қылмыстық-құқықбұзушылық құрамдары белгіленген.