Алматы облысындағы Үлкен ауылында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Қазір онда жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Балқаш көлінің жағасында туризмді дамытуға арналған бірқатар жобалар да жүзеге аса бастайды.
Ауылда атом электр станциясы салынған кезде жұмыс орындары ашылып, жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеретіні анық. Жергілікті халық ауылдың әлеуеті артып, тұрмыстың жақсаратынына сенеді.
Татьяна Третьякова, ауыл тұрғыны:
- Үлкен ауылының тұрғыны ретінде бұл жерден атом электр станциясын салу туралы қабылданған шешімді қолдаймын. Себебі халық өз таңдауын жасады. Елімізде заманға сай стратегиялық нысандар көптеп салыну тиіс.
Рахима Қайырбекова, ауыл тұрғыны:
- Енді қазір атомдық АЭС басталады ғой. Өзіміз қуанып жатырмыз. Біздің Үлкенді орыстар «уникальный поселок» деп айтады ғой. Мынандай ауыл ешқай жерде жоқ. Балқашымыз міне, көліміз жанымызда. Ешқандай курорт та керегі жоқ. Күнде барып шомыламыз. Су жақсы, тұщы.
Үлкенде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Тамыз айында ауылішілік жолдар жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлініп, мердігерлер де анықталды. Ауылдың қазіргі амбулаториясы 1600 тұрғынға қызмет көрсетеді. Бесқабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқандықтан, егде жастағы адамдар үшін қолайсыз. Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауыл болғандықтан, кейде ауыр науқастарды Қарағанды облысына апаруға тура келеді.
Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Үлкен ауылындағы мына амбулатория 25 орындық болады. Оның он төсекті күндізгі уақытта адамдар жататын анализдерін алып, системаларын алуға барлық жағдай жасалған. Қосымша жаңағы тыныс алу жолдарының физио ем алатын кабинеті болады. Аппараттары алдында болмаған. Сол аппараттары заман талабына сәйкес болады және лабротория болады.
Кенжемұрат Қасенов, Үлкен ауылдық округінің әкімі:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қайтадан АЭС салу бойынша Қазақстандағы ең бірінші атом электр станциясын салуға жер белгіленіп отыр. Бұйырса енді басталады деген ойдамыз. Курчатовта, Алматыда осы бағытта мамандар дайындалып жатыр. Бұл жерде тек қана АЭС емес, туризмді дамыту бағыты бойынша да үлкен жұмыстардың басын алып жатырмыз.
Үлкен ауылы 1997 жылға дейін Күрті ауданының құрамында болды. Күрті тарап, Іле ауданына қосылған соң бұл ауыл Жамбыл ауданына өтті. Сол кезде 7 мыңға жуық тұрғыны болса, бүгінде халық саны 4 есе кеміп кетті.
«Болашақта Үлкен 25 мың адам тұратын шағын қалаға айналады», - дейді жергілікті басшылар. Сол кезде туризмді де дамыту жоспары бар. Жалпы балығы тайдай тулаған Балқаш көліне Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысынан келіп демалатын адамдардың саны жылдан жылға артып келеді.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов