Жезқазған қаласындағы жасыл желектерді суару жүйесінің 60 пайызы тозған. «Кей ықшамаудандарда ағаштар тіпті суарылмайды», - дейді тұрғындар. Олардың айтуынша, суару жүйесінің жоқтығынан талдар өліп жатыр.
Өңірдің климаты өте қатал. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақ желі өсімдіктерді өлтіреді. Ал аман алып қалу үшін уақытылы суарып тұру керек. Бірақ Жезқазғанда бұл күрделі мәселеге айналған.
БЛИЦ-сауалнама:
- Суару жүйесі бәрінде бірдей жақсы жұмыс істемейді. Өйткені жер бедері күрделі. Арықтан бөлек, құбыр арқылы суаруды да ойластырған жөн. Өйткені аптап ыстық енді басталады.
- Ескі перзентхананың жанындағы ағаштар мүлде суарылмайды. Қурап қалған. Біздің өңір үшін жасыл желек ауадай қажет. Сондықтан суару жүйесін қалыпқа келтіру керек.
- Қалада ағаштарды суарып жатқанын көрген жоқпын. Талдардың жайқалып тұруы үшін оған уақытылы су құю керек. Кесе бергеннен мәселе шешілмейді.
Қала аумағының 30 пайызы орталықтандырылған суару жүйесіне қосылмаған. Ал барының өзі тозып тұр. Суару жүйесінің 60 пайызын жаңарту керек. Былтырдан бері қалада суаруға арналған 1,5 шақырым құбыр ауыстырылды. Ал келер жылы тағы алтауын жаңарту жоспарланып отыр.
Әділ Темоханов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы:
- Жезқазған қаласы бойынша жасыл желектерді күтіп ұстауға үшжылдық шарт жасалды. Биылға шамамен 20 млн теңге бөлінген. Жауапты мекеме суарып қана қоймай, күтіп-баптау жұмыстарымен де айналысады. Суару жүйесі жоқ аумақты су таситын көліктермен суарады.
Былтыр саябақтарды басқару жөніндегі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Ондағы жұмысшылар қала аумағындағы 16 алаң мен 5 саябаққа қызмет көрсетеді. «Демалыс орындарының жағдайы қазір жақсарды», - дейді жауаптылар. Өйткені суарумен қатар тазалыққа да көңіл бөлінеді.
Мұхтар Мәкішев, кәсіпорынның бас инженері:
- «Наурыз» парк және қаланың шетіндегі «Жастар» паркі. Осы екі парк те бізге қарайды. Бұл жақтың суармалы суы кесетемен беріледі. Ол кестені Жезқазған қаласының АО «ПТВС» мекемесі береді. Сол кісілер қалай су береді, сол кезде біз сол суды алып, осы жерлерді суарамыз. Ал басқа қаладағы «Ғарышкерлердегі», «Алғашқы құрылысшылар» алаңы, «Бейбітшілік» бойындағы сверлерді «насосымызбен», өзіміздің суармалы су жүйесімен суарамыз.
Саябақтарға автоматты суару жүйесін орнату жоспарда бар. Қазір «Даңқ» аллеясы осы жүйеге қосылған. Бірақ «Жастар» саябағының мәселесі әлі де өзекті. Тозған су құбырларын ауыстыру керек. Жауаптылар бұл мәселені алдағы уақытта шешеміз деп сендіріп отыр.
Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрдаулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева