Абай облысы, Курчатов қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 6,5 мың түп ағаш егілді. Оның ішінде терек, қайың, қарағай және жөке ағаштары бар. Бұған қоса, 33 мыңнан астам гүл отырғызылды. Экологиялық акция аясында 300 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. 6 саябақ пен сквер абаттандырылып, 1 тарихи-мәдени нысан жөнделген. «Мұндай тазалық шаралары қала келбетін көркейтіп қана қоймай, әр адамды жауапкершілікке үйретеді»,– дейді қала тұрғындары. Жалпы жыл басынан бері акцияға 10 мыңнан астам адам үлес қосқан.
Гүлбаршын Михайличенко, Курчатов қаласының тұрғыны:
-Біз жұмыс талғамаймыз. Қоғамдық орындарды қоқыстан тазартамыз. Балалар саябақтарын ретке келтіріп, гүлдерге су құямыз. Қазір бұл жұмысқа жастар да белсенді атсалысып жатыр. «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы олар экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Қоқыс шашуға болмайтынын, қоршаған ортаға жанашыр болу керектігін түсінеді.