Шымкентте құқық қорғау саласында ондаған полицей династиясы бар. Солардың бірі Өмірзақовтар әулеті 32 ұл, қыз бен немере осы мәртебелі мамандықты таңдап, абыройлы еңбек етіп келеді.
Полиция майоры Нұрсұлтан Өмірзақов Ішкі істер саласында табан аудармай 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғашында аудандық басқармада тергеуші болды, кейін кадр жұмысына жауапты аға инспектор қызметіне ауысты. Талапшыл азамат жеке құрамның тәртібін қадағалап, қызметтік әдептің сақталуын қамтамасыз етеді.
Нұрсұлтан Өмірзақов, қалалық ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы:
- Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Атамыздың, әкемнің ізін басып елге қызмет етіп жатырмын. Маңызды жұмысты абыроймен атқарамыз. Бізге департамент бастығы, ІІМ тарапынан жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеміз.
Атаның ұлағатымен ұрпақтар сабақтастығын жалғаған ұлға жауапкершілікпен бірге адалдық та дарыды. Өйткені бала кезінен қызметке деген құрметті көріп өсті. Сондықтан қатарға қосылған жас мамандарды да Отанын сүюге үндеп, міндетін мінсіз атқаруын қадағалайды.
Мәртебелі мамандықты үшінші ұрпақ абыроймен атқарып келеді. Әулеттің үлкені Батырхан Өмірзақовтан тараған 32 ұл, қыз бен немере құқық қорғау органдарында еңбек етеді. Олардың жалпы еңбек өтілі 3 ғасырдан асты. Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты күзеткен офицерлер өзара тәжірибе алмасып, отбасылық қарым-қатынасты да берік ұстады.
Алмас Өмірзақов, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі:
- Жалпы Шымкент қаласында 500 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Тағы 200 мың автокөлік күнделікті Шымкент қаласы аумағына кіріп, шығуда. Солардың жол ережелерінің бұзбауын немесе жол-көлік оқиғаларын бұзбау мақсатында күнделікті қызмет атқарамыз. Заң мен тәртіп қағидаларын басты назарға аламыз.
Шымкентте тұрғындардың тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті 2 мыңнан астам полицей қамтамасыз етеді. Мәртебелі мамандықты атадан балаға жалғап келе жатқан ондаған полицейлер династиясы бар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов