Абай облысында ардагер полицейге құрмет көрсетілді

  • 29
  • 23.06.2025, 18:38

Абай облысында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде жанын шүберекке түйіп, ерлік көрсеткен ардагерлерге құрмет көрсетілді. Солардың бірі саналы ғұмырын қоғам қауіпсіздігіне арнаған азамат - Бауыржан Ержүрекұлы. Ол қызмет барысында 17 жерден пышақ жарақатын алса да, қауіпті қылмыскерлерді қолға түсірді.  

2001 жылдың 31 мамыры. Бауыржан Оразбековтің көршісі сол аудандағы бір үйге ұрылар түскенін хабарлайды. Тәртіп сақшысы оқиға орнына шұғыл жетіп, ұрылардың үстінен түседі. Жалғыз өзі қарулы қылмыскерлермен алысады. Ұрылар басынан темірмен ұрып, 17 жерінен пышақтап кетеді.  

Бауыржан Оразбеков, полиция ардагері:

- Ұрылардың үстінен түстім, бірнеше адам екен. Байқамай қалдым, біреуі кірген бетте есіктің алдында тұр екен. Қалған екеуі ме ішінде жүрді. Бауларды, киімдерді жинап жатыр екен. Сол кезде артымда тұрған кісі басымнан монтировкамен ұрды. Есеңгіреп қалдым. Сосын опыр-топыр төбелес болып кетті. 

Ұрлыққа түскендер 6 адамнан тұратын қылмыстық топ екен. Осыған дейін 70-тен астам үйді тонаған. Оқиғадан кейін барлығы ұсталып, жазаларын алды. Бауыржан Ержүрекұлы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кәсіби мерекеде ардагерді облыстық полиция департаментінің басшылығы арнайы құттықтады. 

Ернар Базаров, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Бүгін ерекше құрметпен Бауыржан Ержүрекұлын кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ол сияқты адамдар полиция қызметкерлерінің жас буыны үшін нағыз эталон болып табылады. Қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген барша полиция қызметкерлерін және ардагерлерін бүгінгі төл мерекелерімен құттықтаймын!

Құқық қорғау саласында 20 жылға жуық еңбек еткен Бауыржан Оразбеков қазір зейнет демалысында. Бала-шағасының ортасында. Екі баланың әкесі, бес немеренің атасы. Жастарға ақылын айтып жүреді. 

Бауыржан Оразбеков, полиция ардагері:

- Таза жұмыс істесе, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Қазақстанымыз өркендеп өсе береді. Бұрынғы әріптестерімді, қазіргі істеп жүрген балаларды, бәрін бүгінгі мейраммен құттықтаймын. 

Бауыржан ағаның өмір жолы – ерлік пен елге адал қызмет етудің айқын үлгісі. «Мемлекет тыныштығын күзеткен әрбір тәртіп сақшысы, батырлық пен жауапкершілікті қатар алып жүруі қажет», – дейді ардагер.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы