24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күні

  • 40
  • 24.06.2025, 18:31

Бұл заң үстемдігін қамтамасыз етіп, күн сайын бірнеше тағдырға әсер етер жүйелі шешімдер қабылдайтын тұлғаларға құрмет.

Судья болу – бұл тек кәсіби білімді емес, ішкі дайындық пен бейтараптықты талап ететін мәртебелі іс. Әлия Әлібекова мұны жақсы түсінеді.

Әлия Әлібекова, қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- Әкем – ардагер судья. Ұзақ уақыт өзімді оның деңгейіне лайық емеспін деп ойладым. 40 жасымда ғана өмірлік және кәсіби тәжірибем жетілгенін сезіп, осы жолды таңдадым.

Судья жұмысы – үздіксіз ой еңбегі мен үлкен жауапкершілік. Жұмыстан тыс уақытта да сананы босату қиын.

Әлия Әлібекова, қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- Үйде ас әзірлеп жүрсең де, ойыңда тараптар, дәлелдер, не істеу керек деген сұрақтар. Бұл 24/7 жауапкершілік.

Сот жүйесінде династия да, тағдыр да тоғысады. Бекмұхаммед Әділхановтың бұл саланы таңдауы бекер емес.

Бекмұхаммед Әділханов, қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы, татуластыру орталығының басшысы:

- Атамыз үлкен би болған кезінде, Қожа Ахмет Ясауидың кесенесінде жерленген хандармен қатар жатқан. Әкем жас кезінен бастап облыс басқарған. Бала кезімнен бастап үйде тек әділдік пен адамдардың тағдыры туралы көп әңгімелер айтылатын.

Статистикаға сүйенсек, әр судья жылына орта есеппен 600-700 шешім шығарады. Ең жиі кездесетін істер – шарт даулары, отбасылық, еңбек және тұрғын үйге қатысты мәселелер. Оларды шешуге татуластыру орталықтары балама жол ұсынып келеді.

Бекмұхаммед Әділханов, қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы, татуластыру орталығының басшысы:

- 2024 жылы татуласу орталығына 19,5 мың материал түскен. Оның ішінде 9800 дау осы алаңда шешілді. Ол 32 пайызға енді сот жүктемесін азайтты.

Цифрлық технологиялар да сот жүйесінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттырып отыр. Бүгінде істердің 95 пайыздан астамы онлайн қаралады.

Әлия Әлібекова, қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- Біз Германияда тәжірибе алмастық. Олар әлі қағазбен жұмыс істейді. Ал бізде «Сот кабинеті» секілді платформалар арқылы кез келген істі қарап, процестерге онлайн қатысуға болады.

Сот қызметкерлерінің адалдығы мен кәсібилігі – қоғам сенімінің негізі. Ал сот жүйесінің әділдігі – Әділетті Қазақстанның берік іргетасы. Сондықтан сот билігіне жүктелетін жауапкершілік те, артылатын үміт те аз емес.

Дана Әлиева, Азамат Саметов