Ақтөбелік жиһанкез Ертарғын Мұқанбетқалиұлы Алматыға жетті. 67 жастағы зейнеткер велосипедпен екі айда бес мың шақырымды артта қалдырған. Ол сапарын ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап отыр.
Ақтөбеден шығып, Қостанай облысы арқылы солтүстік өңірлерді басып өткен. Астанаға аялдап, Абайдың туған жері Семейге табан тіреген. Енді Алматыға жетті. Сәл тынығып, оңтүстік облыстар арқылы туған жеріне бет алады. Ақсақал бұл сапарға 3 жыл дайындалыпты. Меккеге велосипедпен барған шымкенттік ақсақал себепкер болғанын айтады.
Ертарғын Мұқанбетқали, жиһанкез:
- Арасында енді демалып аламын, сосын шамам келсе, күн ыстық болса да күндіз жүріп отырдым. Түнде елді мекенге жетіп, қонып келе жатырмын. Далада қонған кезім болған жоқ. Негізі өзімнің зейнетақым қаржыландырып отыр. Сосын 4 балам да, 4 ұлым, 1 қызым бар, солар демеуші болып жатыр. Сосын жолшыбай демеуші болған азаматтардың барлығына алғысым шексіз.