Елде тұтынушылық несиеге сұраныс артқан

  • 22
  • 25.06.2025, 18:32

21 жасқа толмаған жарты миллионға жуық тұрғынның несиесі бар. Ал жастардың қарыздануына не себеп? Бұл үрдісті тоқтатуға арналған жаңа мүмкіндіктер қандай? 

Бір сәттік шешім — бірнеше жылдық қарыз. Жастар арасында қаржылық сауатсыздықтың салдары несиеге тәуелділікке әкелген. Шетелге саяхатты айтпағанда, тұрмыстық техникадан бастап, жейтін тамағын да қарызға алатындар көбейді.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- 18 бен 25 жас аралығындағы 60 пайыз жастардың өзі қаржылық сауаттылық ілімдерінен бейхабар екен. Эмоциялық төлемдер жасап қояды. Одан кейін әртүрлі онлайн, ойын автоматтарына ақшаны салып жіберуі өзінің болашағын ойлай алмау секілді. Тіпті төлем қабілеттілігін білмейді.

Дана Әлиева, тілші:

- Қаржылық сауатсыздықтың тағы бір белгісі — эмоциялық шығындар. Жастар кейде оған табысының төрттен бір бөлігін жұмсайды. Мәселен, қолымдағы кофе, лабубу немесе шайн мускат, дубай шоколады сияқты трендтер бұған өз әсерін беруде.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Бір ай, екі ай, үш ай шығындарын жазып отыра беретін болса, төртінші айда ол шығындарды азайту жолын қарастырады. 

Шығынды басқарудан бөлек, табысты өсіруде де кездесетін қателіктер көп.

Бейбіт Біржанов, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Қысқа уақыт мерзімнің ішінде тез арада сол ақшаны еселей, көбейтуге тырысады. Интернет арқылы жалған жарнамаларға өтіп, ақшаларын жалған инвестициялық қорларға салады, яғни кредит алу арқылы.

Сондықтан мамандар алаяқтарға жем болмай, қаржылық сауаттылықты қолға алудың мынадай жолын ұсынады

Бейбіт Біржанов, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- «Stop кредит» eGov қызметін пайдалануға шақырамыз. Қызметті қосу небәрі 1-2 минут уақытыңызды алады және ол — сіздің атыңызға үшінші тұлғалардың заңсыз кредит рәсімдеуіне жол бермейтін сенімді қорғаныс.

Мамандардың сөзінше, болашақтағы тұрақтылық бүгінгі қаржылық шешімдерге байланысты. Ал 1,5 миллионнан астам қазақстандық бұл функцияны пайдаланып, несие рәсімдеуден бас тартқан.

Дана Әлиева, Азамат Саметов