Екі жылда 1123 ауылға интернет тартылады

  • 23
  • 26.06.2025, 18:31

Сенат бүгін үшінші сессиядағы қорытынды отырысын өткізді. Палата төрағасы 89 заң қаралғанын атап өтті. Оның ішінде 3 кодекс және 7 дербес заң бар. Депутаттар сондай-ақ бүгінгі жиында медициналық сақтандыру, өндіріс пен экпортты дамыту, елді мекендерге ғаламтор желісін тартуға арналған құжаттарды қарады.

Ауылдарға интернет тарту жиі айтылып жүрген өзекті тақырып. Сенаттың бүгінгі жиынында оны іске асыру мерзімі және қаржыландыру көзі нақтыланды. Қазір Қазақстандағы 6,5 мың елді мекеннің мыңнан астамы ғаламторсыз отыр. Үкімет бұл мәселені халықаралық банктен 42 млрд теңге қарыз алу арқылы шешуге ниетті. Шығынның жартысын операторлар көтереді. Жобаны іске асыру мерзімі 2025-2027 жылдар. Болжам бойынша осы кезеңде жоғары жылдамдықты интернетке 1123 ауыл қосылады.

Досжан Мұсалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Ауылдық елді мекен болғандықтан, біз 50% субсидиялап отырмыз. Сондықтан біздің болжамымыз бойынша тарифтер 5 мың теңгеден басталады. Ал енді одан жоғары жылдамдық керек болса, үлкен интернет пакеттері керек болса, онда тариф құны кішкене қымбаттырақ болады. Оптика тартылған үйге сапалы интернет келеді.

Тағы 1 млн адам МӘМС жүйесіне қосылады 

Депутаттар МӘМС жүйесіне енетін өзгерістерді тақылап, мақұлдады. Қазір елде 3 млн адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бүгінгі өзгеріске сай келер жылдан бастап соның 1 млн-нан астамы жүйеге қосылады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жұмыссыздарға жарна төлейды. Сенаторлар сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету туралы шартты ратификациялады. Құжат сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетика, білім беру сынды салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. 

Айжан Бижанова, ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі:

-Біздің тауар айналым қазір өсіп жатқаны байқалады. Биыл 28% құрады. Әсіресе экспорт артқан. Бізден дәстүрлі түрде бидай мен астық жіберіледі. Биыл өңделген тауарды шығарудамыз. Қазақстанның сүт өнімдері, тәтті сусындары Қырғызстан нарығында сұранысқа ие бола бастады. 

Сенат 89 заңды қарап, 75-ін мақұлдаған 

Мәулен Әшібаев жиын соңында палатаның үшінші сессия жұмысын қорытындылады. Сенат осы аралықта 89 заңды қарап, 75-ін мақұлданыпты. Олардың қатарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру, аквашаруашылықты дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту туралы құжаттар бар. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміздің тікелей тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастыратын жаңа Су кодексі қабылданды. Бүгінгі отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы мәселелерді шешуге арналған түзетулер топтамасын қарадық. Сонымен қатар қылмыстық заңнама нормалары оңтайландырылды.

Сондай-ақ Сенатта 3 парламенттік тыңдау, 4 үкімет сағаты, 50-ден астам көшпелі отырыс пен 90-ға жуық дөңгелек үстел өткізілген. Енді 30 маусымда бірлескен отырыста Парламенттің кезекті сессиясы қорытындыланады. Депутаттар одан кейін аймақтарға сапарға шығады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков