KAZ Minerals Тобы Екібастұз қаласының теміржол вокзалын толық қайта жаңғыртты. 1988 жылы іргетасы қаланған бұл нысан ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, екінші қабаты жабық тұрған болатын. Қазір вокзалдың іші-сырты жаңарып, заманауи келбетке ие болды. Мұнда мүгедектігі бар жандар үшін арнайы лифт пен пандус орнатылған. Жолаушыларға арналған асхана, смартфонды қуаттайтын орындар қарастырылыпты. Бұл кеншілер шаһарындағы маңызды көлік нысанының қайта түлеген келбеті.
Отыз жыл жөндеу көрмеген Екібастұздың теміржол вокзалын қалпына келтіру туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданған. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырған. Ал вокзал ғимаратын күрделі жөндеуге KAZ Minerals Тобы 987 млн тенге қаржы бөлді.
Джейми Каратти, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры:
-Қалаға келген адам ең алдымен вокзалға көз тігеді. Оның үстіне Қазақстанда теміржол жолаушылар үшін ең сұранысқа ие көлік түрі. Сондықтан бұл инфрақұрылымды жаңартуға үлес қосқанымызды мақтан тұтамын. Қайта қалпына келтірілген заманауи вокзал жолаушылардың барлық талабына сай келеді.
Жаңартылған теміржол вокзалы биыл ақпан айында пайдалануға берілді. Бар-жоғы тоғыз айда ауқымды жұмыс атқарылған.
Дастан Махметов, «Павлодар вокзал сервис» ЖШС басшысы:
-Вокзалды қайта қалпына келтіру барысында көптеген күрделі мәселе шешілді. Бұл Республика бойынша ең суық вокзалдардың бірі болатын. Себебі жылу жүйесі әлсіз еді. Енді екі бірдей жылу торабы іске қосылды, бұрын тек біреуі ғана жұмыс істейтін.
Ғимараттағы жаңарту жұмыстарына ең алдымен осында еңбек ететін қызметкерлер баға берді. Жолаушылардың да көңілінен шықты. Олар үшін жасалған қолайлы жағдайларға дән риза.
Динара Мұсабекова, «Солтүстік» теміржол станциясының билет кассирі:
- Бұрын мұнда суық болатын. Екінші қабат істемейтін. Орындықтар жоқ болған. Енді жөндеуден кейін екінші қабат істеді. Бәрі әдемі болды, адамдар риза.
Айсұлу Құмырбекқызы, Екібастұз қаласының тұрғыны:
-Ұзақ жол жүріп келген кісілірде телефонның көбінесе зарядкасы отырып қалады. Сөйткен кезде кассада ақша төлеуге қиналады. Сол кезде телефонды зарядтап ала қоюға, дәретханасы, қарындары аш келген кезде асханасы барлығы жақсы болып кеткен.
Бүгінде Екібастұз теміржол вокзалы арқылы тәулігіне 2,5 мыңға жуық жолаушы өтеді. Ал KAZ Minerals Тобы өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қолдау көрсетіп келеді.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев