Түркістан облысының Төлеби ауданында көпір пайдалануға берілді

  • 21
  • 26.06.2025, 18:50

Балдыберек өзенінің үстіне салынған өткел 2019 жылы тапсырылуы тиіс еді. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары 5 жылға кешікті. Көпір құрылысының аяқталуына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті себепкер болды. Өткел Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын байланыстырады. «Бастауын таудан алатын Балдыберек өзені көктемде тасығанда екі ауылдың арасында қатынас үзіледі»,– дейді тұрғындар. Халықтың өтінішімен көпір құрылысына аудан бюджетінен 38 млн теңге қаралған. Ауыл тұрғындары бұл жай ғана құрылыс нысаны емес, ауыл халқының күнделікті тұрмысын жеңілдететін, ауыл мен аудан арасын жалғайтын маңызды инфрақұрылым екенін айтады. 

Сейітжан Қаратаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

-Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады дейді. Бүгін біз бірліктің жемісін көріп тұрмыз. Біздің ауылда көпір салынды. Мыңдаған адамның рақметі сол көпір құрылысында. Қатысқан, қызмет жасаған Түркістан облысы антикор басшыларына, бірнеше ретк еліп, тексеріп, қадағалап тұрғандарына мың рақметімізді айтамыз.

Сәбит Әсілбек, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары:

-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұзақ мерзімді құрылыс нысандарына сүйемелдеуге ерекше назар аударады. Олардың уақытылы аяқталуына және пайдалануға берілуіне тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Мақсаты - құрылысы ұзақ созылған нысандарды сүйемелдеуге алып, уақытылы және сапалы аяқталуына бақылау жүргізіп, ел игілігіне пайдалануға беру. Түркістан облысы тәуекелдер картасына тапсыру мерзімі бұзылған 8 әлеуметтік нысан енгізілген болса, бүгіні күні екі көпір мен 5 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.