Жетісу облысында халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы салынады. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет жобаны неміс инвесторларымен бірлесе қолға алмақ. Әуежай «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы маңында бой көтереді. Премьер-министр Олжас Бектенов Skyhansa компаниясының өкілі доктор Кристин Грётцбахпен кездесіп, жобаның жүзеге асуын талқылады. 2027 жылға дейін жолаушылар терминалы, заманауи отын қоймасы және теміржол тұйығы бар жүк терминалы салынады. Жоба толық іске қосылғанда әуежай жылына 500 мың тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Бұл Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға өз септігін тигізбек. Сондай-ақ Олжас Бектенов Tubacex вице-президенті Антон Азлормен кездесті. Тараптар өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру келешегін талқылады.