Түркістан облысында қайтарылған қаржы есебінен су құбыры тартылды

  • 17
  • 27.06.2025, 18:33

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ауызсу құбыры тартылып жатыр. Өңірде 40-қа жуық елді мекен таза ауызсуға зәру. Биыл 30 ауылды тіршілік нәрімен қамту үшін 20 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаражаттың 11 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған 9 млрд-ы  қайтарылған активтер есебінен.

Сарыағаш ауданындағы Зортөбе ауылының тұрғындары ауызсуды сатып алады. Ауылдықтар тіршілік нәрінің әр тоннасын 2 мың теңгеден сатып алып, 3 мың теңгеге құйдырады. Көлігі жоқтар арабамен тасиды. Нәбиевтер отбасы ауызсуды үнемдеп тұтынатындарын айтады. «Мына аптап ыстықта су шақ келмеуде», - дейді.

Құдайберген Нәбиев, Зортөбе ауылының тұрғыны:

- Осы кезге дейін мына көрші ауылдан тасып іштік. Аптасына 200 литр су аламыз, ол жетпейді. Енді мына ауылға су келсе дұрыс болар еді. Осы 1-2 айдың ішінде береді дейді суды. Берсе, осы суды есік алдында пайдаланар едік.

Сарыағаш ауданындағы 8 елді мекенді таза сумен қамтуға биыл республикалық бюджеттен және мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 7 млрд 600 млн теңге бөлінді. Қазір Жібек жолы ауылдық  округіне қарасты 4 елді мекенге құбыр тартылып, су қоймалары салынуда. Қалған 4 ауылда жаңадан ұңғыма қазылып жатыр.

Азат Өтебаев, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- 2025-ші жылы 6 елді мекенді пайдалануға беру жоспарлануда. Екі нысан 2026-шы жылға өтпелі. Бұл елді мекендерде 18 мың халық ауызсумен қамтамасыз етіледі. Абонент саны - 3600.

Ал Қазығұрт ауданына қарасты Атажұрт елді мекенінде 200-дей түтін бар. Бұл ауылға бұрын-сонды су жүйелері тартылмаған. Жұрт суды тасып ішті. Биыл қайтарылған қаражат есебінен 700 млн теңге бөлініп, жаңадан ұңғыма қазылуда.

Бауыржан Өсеров, мердігер мекеменің директоры:

- Бүгінгі күні су құбыры желілерін өткізіп жатырмыз. Ауылдың сырты басталды, ауылдың ішіне кіре бастадық. «Насосный станция» соғылып жатыр және резервтік станция соғылып жатыр. Біздің жоспар бойынша 30-шы тамызға дейін бітіреміз деп отырмыз. Қабылдауға өткіземіз.

Биыл өңірде қайтарылған активтер есебінен  25 елді мекеннің халқы таза суға қол жеткізеді. Олардың қатарында Келес, Отырар, Ордабасы аудандары бар. «Жыл соңына дейін өңірдегі барлық қала мен ауылдарға ауызсу беріледі», - дейді жауаптылар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов