Балалар ойнайтын жер жоқ. Жезқазғандағы Бөгенбай батыр ықшамауданы тұрғындары: «Заманауи нысандар салынса», - дейді. Себебі бүтін бір ауданда жалғыз ғана ойын алаңы бар. Оның өзі әбден тозған. Тұрғындар тілегі қашан орындалады?
Сағынған Қанаева 10 жылдан бері Бөгенбай батыр шағынауданында тұрады. Оның айтуынша, тұрғындар осыған дейін қала әкімдігіне ойын алаңын салу жөнінде бірнеше мәрте өтініш жолдаған. Себебі 350-ге жуық тұрғын үй орналасқан ауданда жалғыз ғана ойын алаңы бар.
Сағынған Қанаева, қала тұрғыны:
- Балаларға ойын алаңы керек. Бүкіл осы вокзалдың балалары осы жерге келіп ойнайды. Басқа ешқандай жерде ойын алаңы жоқ. Алаңның түрі мынау.
Шағынаудандағы жалғыз алаңның өзі тозып тұр. Әткеншектер сынған, кейбір ойын элементтері мүлде жарамсыз. Соған қарамастан талапқа еш сай келмейтін алаңқайда балалар ойнауға мәжбүр.
Кентай Смағұлов, қала тұрғыны:
- 2 жылдан бері әбден жөндеп келеміз. Анау-мынау кетеді, кеткен жерінің бәрін сыммен байлап жүрміз.
Шағынауданға жаңа ойын алаңы қажеттігін қалалық әкімдік өкілдері де мақұлдап отыр. Дегенмен бұл мәселе биыл шешілмейтін секілді. Өйткені шағынауданда негізінен жеке тұрғын үйлер орналасқандықтан, жаңа алаңқай салатын бос жер телімі жоқ. «Әзірге тек ескі алаңды жөндеп береміз», - дейді.
Әділ Темоханов, Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:
- Бос жер учаскелерін әлі де қарастыратын боламыз және бюджеттің бөліну көлеміне байланысты келесі жылға жоспарға енгізетін боламыз. Бұған дейін орнатылған балалар алаңын осы жылы жөндеуден өткізетін боламыз.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Бөгенбай шағынауданынан бөлек, қаладағы өзге де ойын алаңдарының шамамен 20 пайызы жөндеуді қажет етеді. Бұл мақсатқа қазынадан 33 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, былтыр құрылысы басталған 31 ойын алаңы ел игілігіне беріледі.