Ерекше балаларға арналған спорттық мүмкіндіктер көбейіп келеді

  • 21
  • 27.06.2025, 18:39

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасалатын инклюзивті қоғам қалыптастыруға баса мән беретінін айтқан. Бұл бағытта Қазақстан бойынша 42 оңалту орталығы, 10 спорт кешені ашылыпты. Мұның бәрі олардың қоғамдық ортаға бейімделуіне, белсенді өмір салтын нығайтуына септігін тигізбек.

Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 мыңнан астам бала бар. Солардың бірі Әлихан Абаев. Оның футболға қызығушылығын байқаған ата-анасы түрлі үйірмелерге бала кезінен апарған. Қазір ол инклюзивті спорт сайысында футболдан жарысқа қатысып жатыр.

Әлихан Абаев, инклюзивті спорт фестиваліне қатысушы:

- Футболдан аптасына екі рет жаттығамын. Футбол маған өте ұнайды. Менің кумирларым Рамазан Оразов, Максим Самородов ойыншылар біздің құрамада. Жарыс күшті өтті. Күшті эмоция.

Еліміз аймақтарында Әлихан секілді ерекше балалардың біразы спорт үйірмелеріне қатысып жүр. Бұл олардың өздеріне сенімділікпен қарап, жаңа нәтижелерге ұмтылуына ықпал етеді. Қазір еліміздің 21 қаласынан келген 450 балғын Астанада өтіп жатқан инклюзивті спорт фестивалінде сынға түсуде. 

Нұргүл Ұлжекова, ұйымдастырушы:

- Жүзу, жеңіл атлетика, тенис, каратэ, боччодан да жарыстар өткізіп жатырмыз. Бұларды әлеуметтендіру – ең басты мақсат және де спорт арқылы жоғары спортқа бару деген мақсат. Ата-ана баланың болашағы бар екеніне сеніп, үміт арта бастайды.

Мамандардың айтуынша, мүгедектерді оңалту жұмыстарын тек медицинаға артып қоюға болмайды. Сондықтан осы әлеуметтік маңызды мәселені шешудегі маңызды бағыттың бірі – ерекше балаларды бала кезінен спортқа бейімдеу.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Қали Несіпбаев