Павлодар облысында автожол жөндеу жұмыстары кезінде алғаш рет цифрлық валюта қолданылды. Майқапшағай-Омбы тас жолының жеті шақырымдық учаскесі пилоттық жоба аясында жаңартылды. Барлық есеп айырысу цифрлық теңге арқылы жүргізілді. Бұл қаржы қозғалысын онлайн бақылауға және ашық жүргізуге мүмкіндік берді.
Майқапшағай-Омбы автожолының бұл бөлігінде жөндеу жұмыстары он жылдан астам уақыт жүргізілмеген. Ал осы жолды жаңарту кезінде өңірде алғаш рет цифрлық теңге қолданылды. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл қаржының ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылауды жеңілдетеді.
Ермұрат Нұрханов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры:
-Барлық жұмыстар eQurylys (Е-Құрылыс) ақпараттық жүйесіне тіркеліп, толық ашықтық пен цифрлық бақылау қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жұмыстар толық аяқталып, жол пайдалануға берілді. Жөндеу жұмыстарының әр кезеңі eQurylys (Е-Құрылыс) жүйесіне енгізіліп отырды. Бұл жобаның орындалуын цифрлық түрде бақылауға жол ашты. Жүйе жемқорлық тәуекелдерін азайтып, сапаны бақылауды жеңілдетеді.
Данияр Қаукенов, Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің превенция басқармасының басшысы:
-Цифрлық теңге арқылы қаржы қозғалысын басынан соңына дейін бақылауға болады. Қайдан шықты, қайда жұмсалды – бәрі анық көрінеді. Цифрлық теңге – ашықтықтың жаңа құралы. Енді бұл тәжірибе өңірдің өзге салаларында да қолданылмақ. Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Ігліков