Аптап ыстық Шымкентті әбігерге салды

  • 32
  • 30.06.2025, 18:36

Шымкентте аптап ыстықтан қан қысымы жоғары адамдар дәрігерге жиі қарала бастады. Жедел медициналық қызметке тәулігіне 2000-нан астам шақырту түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де өрт оқиғасы көбейгенін мәлімдеп, қауіпсіздік шараларын күшейтті.  

Аптап ыстықтан сая іздеген көпшілік өзен-көлдер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе Қошқарата жағаулауында адам қарасы қалың. Бұлақ бастауында жасы да, жасамысы да таңсәріден суға түсіп, салқындауға көшкен.  

Маржан Жүсіпбекова, қала тұрғыны:    

-Бізде соңғы күндері қатты ысып жатыр. 40°C асып жатқан сияқты. Көбінесе кондиционер қосып үйден шықпауға тырысамыз немесе осылай шомылу аймақтарына келеміз. 

Раушан Досымова, қала тұрғыны:

-Кешегі 2 аптада өте қатты ыстық болды. Менің өзімде де үлкен проблема болды қан қысымына қатысты. Ыстық қала. Айтары жоқ өте ыстық. 

Жедел жәрдем қызметінің мәлімдеуінше, аптап ыстық созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр тиген. Дәрігерге қан қысымы жоғары тұрғындар жиі қаралған. Төтенше жағдайлар департаментінде де күннің күрт ысуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Диспечерлер тәулігіне орта есеппен 30 қоңырауға дейін қабылдайды. Қора-жайлар мен автокөліктің және құрғақ шөптің өртенуі сияқты шағыммен 992 шақырту түскен.  

Нұрболат Педен, қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: 

-Электр құралдарын дұрыс пайдаланбау, электр құралдарын монтаждау кезінде жұмыстарды дұрыс жүргізбеу. Күннің ыстығының ыстында жәймен күйрей береді. Қарапайым талаптарға көңіл бөлу керек. 

Қалада 86 субұрқақ іске қосылды. Кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі фонтандар да тексеріліп, бірыңғай жүйеге келтірілді. Қала билігі коммуналдық техникаларды пайдаланып, көшелерге су шашуға кірісті. Одан бөлек арық-атыздарға су жіберіліп, микроклимат қалыптастырылды. 

Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- «Жаңа шек» және «Шымкент каналдары» арқылы 200-250 литр/секундына суды жіберіп, біздің қаланың 30%-35% жуық көшелеріне су жібердік. 

Келесі жылы қаланың жоғарғы бөлігінде микроклимат қалыптасады. Ол үшін ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, қосымша «Кәусар» каналы қазылмақ. Ал синоптиктердің болжамынша апта соңына қарай ауа температурасы 40°С-тан жоғары болмақ. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов