Каспий жағасында халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті

  • 32
  • 30.06.2025, 18:57

Ауқымды шара «Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Көрермен танымал сәнгерлер ұсынған сән көрсетілімін тамашалап, түркі тілдес халықтардың бай мәдениеті мен ісмерлік өнерімен етене танысты.  

Жаһандық фестиваль «Даламен үндес баба өнер» атауымен ұйымдастырылды. Оған түрік, башқұрт, қалмақ, мажар, тыва, шуваш секілді түркі тілдес елдерден 38 сәнгер қатысты. Көпшілік әсіресе Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және қазақстандық қолөнершілердің шеберлігін жоғары бағалады. Илхам Исмайылов бауырлас көрші мемлекеттің азаматы. Ісмердің айтуынша, мата қиындыларынан қиыстырып құрақ қию қазақ пен қырғызға ортақ өнер. 

Илхам Исмайылов, қолөнер шебері /Қырғызстан/:

-Бізде негізінен қазақ пен қырғыз елінде бар құрақпен істейміз. Мынадай құрақтармен көрсете кетсем де болады. Біздің бағытымыз осындай құрақпен байланысқан. Осындай фестивальдерді өткізіп тұрсақ, бірімділікті, бір-біріміздің ұлтымыздың барлық мәдениетін, барымызды сақтап қала аламыз. 

Танымдық шараның қорытынды кезеңінде танымал сәнгерлердің қажырлы еңбегі дәріптелген сән көрсетілімі өтті. Түрікменстандық Айна Дурдылыева, өзбектің белгілі шебері Наргиза Мусажанова, Моңғолиядан келген Сувд Банзрагч секілді этнодизайнерлердің топтамасы көпшіліктің таңдайын қақтырды. Маңғыстаулық ісмерлер түйе мен қой жүнінен тоқылған сырт және салтанатқа арналған киімдері де көрерменнің қызығушылығын туғызды. 

Нұржамал Нұрпейісова, сәнгер: 

-Керемет коллекция шықты, Маңғыстауда осындай дизайнерлер барына мен де мақтанамын. Осындай өнер, әр коллекцияда біздің қазақтың иісі бар. Ішінде Парижде француздарды таңғалдырған киімдеріміз бар.  

Сұлтан Раев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы: 

-Бұл фестиваль біздің мәдениетіміздің өзгеше бір тамыры деп айтсақ та болады. Бізде әрбір елдің өзгеше бір бояулары, ерекше бір орнаменттері, дүниесі бар. Ғажайып әлем бар. Біздің елдеріміздің бірлестігіне, достығына зор ықпал ететін фестивальдердің бірі болып есептеледі. 

Халықаралық фестиваль аясында ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар қойылған көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Бағалы бұйымдарды жасаған қазақ шеберлері Еуропада өткен көрмелерге бірнеше рет қатысқан. Ауқымды шара соңында барлық қатысушыға «ТҮРКСОЙ» ұйымы және аймақ әкімдігі тарапынан арнайы марапат берілді.  

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев