Алматылық соғыс ардагері Екатерина Баранова 100-ге толды. Ғасыр жасаған кейуана екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында медбике болып, жүздеген жауынгердің өміріне араша түскен. Соғыстан кейін шекаралық госпитальде, кейін Министрлер Кеңесінің ауруханасында еңбек етті.
Екатерина Баранова 1925 жылы Курск облысында дүниеге келген. Жетінші сыныптан кейін Старый Оскол қаласындағы медицина техникумына түседі. Оны тәмамдаған соң бірден майданға аттанады. Қанды шайқаста оқпен оттың арасынан талай сарбазды аман-есен алып шыққан. Венгрия, Польша, Германия, Чехославакияда орналасқан госпитальдарда медбике болады. Ол «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медалімен марапатталған.
Екатерина Баранова, соғыс ардагері:
-Старый Оскол деген қаланың жанындағы елді мекенде тұрдық. Отбасында жеті бала болдық. Әкем соғысқа кетті. 1943 жылы біздің жерімізді азат етті. Одан кейін мен 17 жасымда майданға аттандым. Содан соғыс біткенше медбике болдым.
Екатерина Баранова соғыстан кейін де медицина қызметкері ретінде жұмысын жалғастырады. Соғыс аяқталған соң Алматыға келіп, осында тұрақтап қалады. Алдымен шекаралық госпитальде, кейін Министрлер Кеңесінің ауруханасында еңбек етті. Жалпы осы денсаулық сақтау саласына 50 жылын арнаған. Әріптестері ол кісіні мақтан тұтып, құрметтейді.
Айман Жамантай, ҚР президентінің Іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталі бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:
-Екатерина Александровна өз ісінің кәсіби маманы болды. Зейнетке шыққаннан кейін де 19 жыл Ұлттық госпитальде жұмыс істеді. Үлкен-кіші түгелдейі оның «қолы жеңіл» деп сыйлайтын. Өзі ісін сондай жақсы көрді.
Расында Екатерина Александрқызы үшін аурухана екінші үйіне айналған. Өйткені ғұмырының жартысы, өмірінің жарқын сәттері сонда өтті.
-Өзімді жалғыз сезінбес үшін ерінбей еңбек еттім. Жанымдағы адамдар жақсы болғандықтан, түсіністікпен қарады. Мен де бар ынтаммен еңбек еттім. Еңбек кітапшамда тек алғыс қана бар. Ешқашан сөгіс алған емеспін.
Ғасыр жасаған ардагердің қимылы ширақ. «Медицина дамыған сайын мен сияқты 100 жасайтын адамдардың саны артып келеді»,– дейді кейуана.
Аршын Кемелжан, Радик Жакупов