Петропавлда жаңа асфальт жарылып қалды

  • 47
  • 01.07.2025, 18:38

Петропавлда жаңадан салынған асфальт кепілдік мерзімі өтпей жатып жарылып қалды. Қала шетіндегі «Солнечный» ықшамауданындағы көшелер қайтадан ойылып, автобустар жүрмейтін болған. Бүлінген жолдар қашан ретке келтіріледі? Сапасыз жұмысқа кім жауап береді? 

Бұл Петропавлдағы «Солнечный» ықшамауданы. 2023-інші жылы бұл жақта бірнеше көше асфальтталып, тұрғындар бір жасап қалған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Жолдар жарылып, бұрынғы қалпына келді. 

Сайран Әбдірахманов, қала тұрғыны:

- Дұрыс салмаған ба? Сапасы өте төмен. Міне, мүлдем жүруге болмайды. Жол жүру мүмкін емес. Бәрі ойық – ойық. Міне, үлкен-үлкен автобустар, камаздар жүреді. Басып тастайды бәрін, жылда осылай қиналамыз.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші: 

- Осыдан екі жыл бұрын ғана салынған жаңа асфальт қырық жамау жолға айналды. «Соның салдарынан автобустар да жүруін қойған», - дейді тұрғындар. Енді олар жақын маңдағы 800 метр жердегі аялдамаға жаяу жетуге мәжбүр.

Автобустар көктемнен бастап жүрмейді. Қазір тұрғындар күрежолдың бойындағы аялдамаға аяңдап барады. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің айтуынша, ішкі бағыттың тоқтауына жолдың жағдайы себеп болған. 

Серік Сұлтанов, автобус жүргізушісі:

- Жұқа асфальт ойылып қалды. Жүру мүмкін емес. Сондықтан қатынауды қойдық.

2023 жылы «Солнечный» ықшамауданының 6 негізгі көшесі асфальтталды. Бұл мақсатқа 200 млн теңге бөлінген. Қазір кепілдік шарты орындалмай, қалалық әкімдік мердігер ұйымды сотқа берді. 

Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жаңағы мердігер компанияның атына бірнеше рет хаттар жазған болатын. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Әкімдік қазіргі таңда сотқа жүгінді. Енді сот бойынша мердігер компания жұмыстарды жасауға негіздейтін болады.

Тараптар соттасып болғанша, тұрғындарға шыдай тұруға тура келеді. Соңғы шешім шықпай, автобустар жүрмейді. Жалпы биыл Петропавлдың жолдарын жөндеуге 2 млрд-қа жуық теңге бөлінді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков