Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін қолға алынған жобалар жыл соңына дейін іске асырылуы қажет. Үкімет отырысында Олжас Бектенов облыс әкімдеріне осындай тапсырма берді. Ауылдарға да тіршілік нәрін жеткізу басты назарда болады. Бұл мақсатқа республикалық бюджет пен арнаулы мемлекеттік қордан қомақты қаражат бөлінбек. Ал ауылшаруашылық мақсатта қолданылатын су қорын тиімді пайдалану тың технологиялардың көмегімен жүзеге асады.
Су – тіршілік көзі. Тұрғындарды сумен қамту, құбыр тарту, желілерді күтіп ұстау, уақыт ағымына сай тың технологияларды енгізу – қыруар жұмыс. Үкімет биылдың өзінде қала мен ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту үшін 183 млрд теңге бөлген. Республикалық бюджет пен арнаулы қордан қаралған қаржыға 442 жоба жүзеге аспақ.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазірде әкімдіктер құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте бөлінген қаражат есебінен халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты. Дегенмен елдегі демографиялық өсім мен жыл сайын су құбырларының тозуына байланысты халықты 100% ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі жылда өзекті болып қала береді.
Министрдің айтуынша, елдің 10 өңірінде сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ға дейін жеткен. Соның 99,3 пайызы қалаларда, 97,5%-ы ауылдарда. 53 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған су желісіне қосылады. Ал сумен жабдықтау жобаларына 160 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ. Жиында су құбырларын салу және жаңғырту жұмыстары мен бұл бағытта кешіктіріліп жатқан жобалар туралы да айтылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Кейбір жобалардың іске асырылу мерзімдері созылып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Соколов, Тоқтық су құбырын жаңғырту жұмыстары және Ақмола облысындағы Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін су құбырын тарту жобасы. Оның себебі неде және қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Сіз аталған екі жоба бойынша бүгінгі күні Ұлттық қордан екі жобаға 5 млрд 800 млн теңге бөлінді. Қосымша арнаулы мемлекеттік қордан биылғы жылы 5,5 млрд алдық. Мердігерлермен жұмыс істедік. Жұмыстар өз кестесіне сәйкес жүріп жатыр. Көп жұмыстарды биыл аяқтаймыз, келесі жылы қабылдау жұмыстарын жүргіземіз.
Ал егін еккен диқандар үшін су беру бір ізге түсіп, қалыпты жағдайға айналған. Көрші елдерден өзендер арқылы су алу да тұрақты. Енді елде суды есепке алудың бірыңғай жүйесін құру қолға алынып отыр. Сондай-ақ 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру басталады. Көп ұзамай бұл жұмыс Алматы, Түркістан облыстарында жүзеге асырылмақ. Әрі сараланған тариф енгізіледі.
Аслан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Сараланған тариф елде ұтымды тұтыну мәдениетін енгізу ықпал ету нәтижесінде 1,6 млн текше метр суды үнемдеуге қол жеткізді. Бұл Лисоковск қаласының жылдық тұтыну көлеміне тең.
Жиында Үкімет басшысы сумен жабдықтау және су тарту жобалары бойынша кестеден кешігіп жатқан бірқатар өңірді атады. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде бұл мәселе бойынша бірқатар органға тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Тиісті ведомстволарға жұмыстарды тезірек аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.
- Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – ол өте маңызды міндеттердің бірі. Ол Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Саметов