Астанада Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлері кеңесінің Бас Ассамблеясы өтті

  • 0
  • 26.11.2025, 19:52

Астанада Түркі мемлекеттерінің әйел-кәсіпкерлері кеңесі Бас Ассамблеясының IV кеңейтілген отырысы өтті. Сондай-ақ WOMEN FORWARD форум-көрмесі өз жұмысын бастады. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан бизнес қауымдастықтарының өкілдері және Қытай елінен инвесторлар келді. Тараптар өз кәсібін халықаралық логистикаға интеграциялауды талқылады. 

Форумның тақырыбы «Анамның орамалы» деп аталады. Атына заты сай жиында баланың жан-жақты дамуына арналған отандық өнімдерді де көзіміз шалды. Мәселен, мына жұмсақ ойыншық арқылы балаға ойын түрінде алфавитті үйретуге болады. Ал мына жерде ойқастаған ортекені байқаймыз. Бұл жас өреннің шығармашылығын ұштап, домбыраға қызығушылығын арттырады. Тіпті мұны қазақ қуыршақ театрының негізі деуге де болады.  

Ләззат Рамазан, Түркі мемлекеттері әйел-кәсіпкерлері кеңесінің төрайымы және ASMAR қауымдастығының басшысы: 

-Кәсіпте жүрген әйелдердің бизнесте үлесі қандай десек, Қазақстанда 48%, Қырғызстанда 30%, Әзербайжанда 20%, Түрік елінде 18,6%, Өзбекстанда 40%. Бизнесті басқарып отырған әйелдерге бүгінгі форум жаңа мүмкіндіктерді ашады деген үміттеміз. Ортақ ұйымымызға Қытай мемлекетінің кәсіпкер әйелдері де қосылып жатыр. 

Сессияның ашылуында «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азиядағы Үйлестіру кеңсесінің басшысы сөз сөйледі. Форум аясында өтіп жатқан көрмеде ұлттық тағам өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, сондай-ақ заманауи технологиялық шешімдерді де байқадық. Батыс Қазақстан облысынан келген Шолпан Досбаеваның кәсіпкерлік жолы өзгелерге ұқсамайды. Бұрын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істеген ол бүгінде шағын кәсібінен табыс тауып отырған іскер әйел.  

Шолпан Досбаева, кәсіпкер /БҚО/:

-Біздің отбасымызда ерекше бала дүниеге келді. Сол балаға табиғи таза өнім беру мақсатында жасап басталған нәрсе. Қазір балалар арасында аллергендер көп, қант диабетінің де көбейген кезі. Тәттінің ағзаға кері әсерін тигізбейтін, дұрыс түрін ұсынуға тырыстық.
 

Форумдағы «Ұлы билеуші әйелдер» галереясында Тұмар ханша мен Құрманжан Датқадан бастап, есімдері аңызға айналған түркі әлеміндегі 15 атақты әйел-көшбасшының портреттері бой тізді. Экспозиция шығыс әйелдерінің тарихи дипломатиялық дәстүрін көрсетеді. Осынау кезеңдегі әйел-аналардың іскерлігі бүгін де жалғасын табуда.  

Айнұр Бекмырзақызы, кәсіпкер:

-Ортопедиялық матрастар өндірісінің негізін қалаушысымын. 9 жылдан бері өндіріспен айналысамыз. Біздің отандық өнімдер шетелдік тұтынушылардың өзін қызықтырып жатыр. Орынбор қаласынан делегациялар келіп, солармен келісімшартқа отыруға дайындалып жатырмыз.
 
 
Форум шеңберінде ASMAR Ұлттық қауымдастығы мен «Қорғас» басқарушы компаниясы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат Түркі мемлекеттері әйел-кәсіпкерлеріне Қытай нарығына шығуға мүмкіндік беретін «жасыл дәлізді» қалыптастыруды қамтиды.  

Құралай Жұмахан, Самат Оспанов