Қостанай облысындағы 4 ауылға ауызсу тартылып жатыр

  • 41
  • 01.07.2025, 18:35

Биыл Қостанай облысының Әулиекөл ауданында 4 елді мекенге ауызсу құбыры тартылып жатыр. Бұл жұмысты жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Әкімдіктегілердің айтуынша, жобалар толық іске асқанда аудан халқы 100% таза сумен қамтылады. 

Әулиекөл ауданында 33 елді мекен бар. Ресми дереккке сүйенсек, соның алтауы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалғандарында су тарату пунктері орнатылған. Биыл тағы төрт ауылға су құбыры тартылып жатыр. Соның бірі Көктал ауылы. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Көктал ауылына дейін 9 шақырымға жуық су құбыры тартылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін соның үштен бірі өткізілген. Мердігерлер бұл жобаны жыл соңына дейін толық аяқтаймыз деп отыр.

Ғани Бекболатов, мердігер компанияның өкілі:

- Бұл жерде алдымен электр желісі тартылды. 8 км 200 метрдей. Өзеннің арғы бетіне барады. Өзеннің арғы бетіне трансформатор қойылған. Сол жерде әзірше 33 метрлік екі «буровой скважина» қазылып қойды. Қазіргі таңда сол алаңның жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл ауыл тұрғындары әлімсақтан құдық суын тұтынып келеді. Айжан Қуанышбайқызының осы Көкталға келін болып түскеніне 25 жыл болыпты.»Содан бері қысы-жазы құдықтан су тартып, тасып ішеміз», - дейді. «Енді біздің ауылға да өркениеттің игілігі жетер күн жақын», - деп қуанып жүр. 

Айжан Қуанышбайқызы, Көктал ауылының әкімі:   

- Боранды күндері қиын. Аязды күндері тасимыз. Боранды күндері отбасымен шығып, тасимыз. Өзімнің 6 балам бар. Кіргізсе, жақсы болар еді. Әзірге кіргізген жоқ. Келіп қалар деп, бір бөлмені дайындап, стяжкасын құйып қойып жатырмыз. Септикті де қазып, құбырларын шығарып қойдық.

Жергілікті әкімнің айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде ауылға құбыр тартылып, су тарату пункті орнатылады. «Одан кейін тіршілік нәрін әр үйге кіргізу жоспарда бар», - дейді.

Биыл Әулиекөл ауданында Көкталдан бөлек тағы үш елді мекенге су желісі өткізіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінген. Биыл ел қазынасынан қосымша тағы берілді. 

Дүйсенбек Боранбаев, Әулиекөл аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Осы маусымның соңында бізге республикалық бюджеттен бұған дейін жетпей қалған қаражатты қосымша бөліп жатыр. Қазір шамамен 2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Өйткені бұған дейін бөлінген қаражат толығымен жеткіліксіз болды, сондықтан қосымша қаржыландыру жүргізілді. Маусым айының соңында бұл қаражат бөлініп, біздің есепшотқа түсті.

«Ал облыс бойынша биыл 20 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. 13 ауылда су тарату пунктері орнатылады. Осы жобалар іске асқанда, ауыл халқы толық таза ауызсумен қамтылады», - дейді жауапты басшылар.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг