Елімізде бүгіннен бастап үш жаңа кассациялық сот өз жұмысын бастады. Ол әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі соттар. Негізгі рөлі – заңды күшіне енген сот актілері бойынша істерді қайта қарау. Сот қателіктерін анықтап, оларды түзетуге бағыттау. Ал оның кадрлық құрамында ел бойынша іріктелген тәжірибелі судьялар бар.
Қазіргі таңда 75 судья сыннан сүрінбей өткен. Одан бөлек, Жоғары Сот Кеңесінде судьяларды іріктеу мен мансаптық өсу жүйесі оңтайландырылған.
Салтанат Жүніспекова, ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі:
- Бұрын Жоғары Сот Кеңесі судья лауазымына үміткерлер біліктілік емтихандарын жылына төрт рет тапсырса, енді әр ай сайын болады. Ал психологиялық тестілеуді өткізу реттілігі жылына 3-тен 10-ға дейін артты. Сонымен қатар қызметке жаңа кіріскен маманға талап қатаңдатылып, оның барлық деректері түбегейлі тексеріледі. Бұл сыннан бұрындары үміткерлердің 50%-і өткен болса, енді тек 20%-і өтіп отыр. Демек нағыз білікті судьяларды іріктеп алуға мүмкіндік бар.