Қонаев қаласының кәсіпкерлері жергілікті атқарушы биліктің іс-әрекетіне наразы. Олардың айтуынша, қалалық әкімдік өздерін маусымдық жұмыстан айырып, нәпақадан қақпақшы. Бұл мәселеге өңірлерді аралауға шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары араласты. Жауапты мекеме қызметкерлері қандай уәждерін алға тартып отыр?
Қонаев қаласында 8 жағажай бар. Онда 42 кәсіпкер жазғы шомылу маусымы кезінде демалушыларға қызмет көрсетеді. «Қалалық әкімдіктегілер бізді жағалаудан қудалап жатыр», – дейді олар.
Бауыржан Ужбеков, кәсіпкер:
- Бізге үш ай жазда береді, үш ай жаздың ішінде маған әкім келіп, «Сен не істедің?», – деп айтады. Ал менің келісімшартымда қатты құрылыс салуға болмайды, тек жеңіл құрылыс деп жазылған. Сондықтан мен тек көтеріп алып кетуге болатын «топчан» қоя аламын.
Қамбар Баекенов, кәсіпкер:
- Біз ұзақ мерзімге – бес жылға, жеті жылға сұрап отырмыз. Сол кезде өз атымыздан және кәсіпкерлер атынан инвестиция болады. Қандай жоба керек болса, сол жобаны біз жасаймыз. Осыны сұрап жатырмыз.
Жергілікті кәсіпкерлер өңірлерді аралау мақсатымен Қонаев қаласына келген Мәжіліс депутаттарынан осы мәселені шешуге тікелей араласуын сұрады.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажет. Сондықтан бұл мәселені қалай шешетінімізді талқылау үшін бүгінгі күні осында болып, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп жатырмыз. Алдағы уақытта нақты шешу жолдарын қарастыратын боламыз.
Қалалық әкімдіктегілер болса, жағалауды жалға беру келісімшартының күзге дейін жасалғанын және оның одан ары қарай ұзартылмайтынын алға тартты.
Төлеген Кенжебеков, қала әкімінің орынбасары:
- Түрленіп, жаңа бір кезеңге өтуі керек қой әдемі болып, бұрынғыдай емес. Өздеріңіз де жаңа барғанда көрген шығарсыздар, қазіргі келбеті облыстық қаланың деңгейіне сәйкес келмейді. Біз сіздерге тек қана уақытша жалға бердік. Былайша айтқанда, уақытша жалдау уақыты біткеннен кейін сіздердің ол жерге құқықтарыңыз жоқ.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, алдағы жылы коммуналдық меншіктегі жағажайларда жаңа жобалар жүзеге асады. Бір жағажайды заман талабына сай абаттандырып, ондағы демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту үшін кем дегенде 2-3 млрд теңге қажет. «Оны кәсіпкерлеріміздің қалтасы көтермейді. Сондықтан мұнда келер жылы ірі инвесторлар келе бастайды», - деді қалалық әкімдіктегілер.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов