Елдегі жалғыз ұшақ жөндеу зауытының жұмысы тоқтап тұр

  • 52
  • 01.07.2025, 18:44

Елдегі авиация индустриясы дағдарысқа ұшырады. Былтыр ақпанда Антикор тексерісі нәтижесінде зауыт есепшоттары бұғатталған. Қисапсыз қарыздар мен айыппұлдар көбейіп, қызметкерлер жалақысыз қалды. Қазір ұшақтардың ұшу мәселесі де шешімін таппай тұр. «AMANAT» партиясының депутаттары әскери авиацияның техникалық дайындығы осы кәсіпорынға тәуелді екенін ескертеді.

Диана Қадыр, тілші: 

- Елдегі жалғыз авиациялық-техникалық орталықтың жұмысы тоқтап тұр. Қызметкерлердің 85 пайыздан астамы мәжбүрлі демалысқа жіберілген, жалақысыз отыр. Ал 1,5 жыл ішінде 164 қызметкер жұмыстан кеткен. Олардың біраз бөлігі жоғары білікті әрі шетелдік әуе компанияларда оқыған өндірістік мамандар.

Мәжіт Исабаев осы өндірісте 6 жыл жұмыс істеп, авиациялық механиктердің жұмысын жеңілдетуге көп күш салған. Қазір болса, тек құжаттармен айналысамыз деп қынжылады.

Мәжіт Исабаев, «Қазақстандық авиациялық индустриясы» ЖШС Өндіріс кешенінің басшысы:

- Біздің өндіріс Орталық Азия бойынша ұшақтарды жөндеуден өткізетін жалғыз өндіріс орны болған. Қазір ангарларында тікұшақтар, истребительдер мен әскери көлік ұшақтары бос тұр. Зауыт жұмыс істеп тұрғанда біз ұшақтарға арналған чехолдар тігетінбіз, сатылар және түрлі құралдар жасайтынбыз. Өндірістегі дағдарыс жағдайына байланысты 180 адамнан 30-дан аса қызметкер қалды. 

Қаржының тұрақты түрде бұғатталуы мен мемлекеттік тапсырыстардың жоқтығына қарамастан, былтыр зауыт алты ұшақты қалпына келтірген. Содан Қорғаныс министрлігіне тапсырылып, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты. Алайда өндірістің дамуына бірқатар кедергі бар. Мәселен, 1 миллиард теңгеге жуықтаған салық төленбей келген. 

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Одан басқа айыппұлдар бар. 2 миллиардқа жуықтап тұр. Келісімшарт бойынша олар уақытында төлемегендіктен жыл сайын 20 пайыз айыппұл салынады екен. 5 жыл мына зауыт жөндеу алмай жатыр. 1,5 жыл босқа тұр. Бұны соза бермей, қазіргі таңда тез арада шешпесек, бұл зауыт істен шығып кетейін деп тұр. 

Жауаптылар да: «Мәселені шешу үшін қаржыландыруды қалыпқа келтіріп, зауытты тез арада іске қосу қажет», - деп отыр.

Қайрат Жауханов, «Қазақстандық авиациялық индустриясы» ЖШС бас директоры:

- Өнеркәсіп орнының басты мәселесі – бұрынғы менеджер жіберген қателіктерден туындаған қаржылай қиындықтар. Сол үшін де өндіріс тоқтап тұр. Оның үстіне 1,5 жыл бойы тергеп-тексеру амалдары да жүргізіліп жатыр. Менің ойымша, соған қарамастан мемлекеттің өз әскери авиациясы болуы керек. Мәселен, СУ-25 – бұл біздің оңтүстіктегі шекараны, таулы аймақты күзететін ұшақ. Оны шығаратын біздегі жалғыз кәсіпорын осы.

Депутаттар шетелде әскери ұшақ жөндеу 2,5 есе қымбат екенін айтады. Сондықтан «AMANAT» партиясы авиациялық логистиканы дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және технологиялық егемендікті қамтамасыз ету үшін бұл мәселені мемлекеттік органдар деңгейіне көтермек. Алайда оның нақты қалай, қашан шешілетіні әзірге белгісіз.

Диана Қадыр, Мейірбек Бесбаев