БҚО-да заңсыз құрылыс нысандары анықталды

  • 81
  • 02.07.2025, 18:35

Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда рұқсатсыз салынған үш ірі нысан бұзылды. Олардың қатарында көпқабатты үй және коммерциялық ғимараттар бар. Ал биылдың өзінде заңсыз 50 құрылыс нысаны анықталды. Мысалы, Оралдың орталығында кеңсе ғимаратының орнына үй салынған. 

Бұл төртқабатты үй былтыр Оралдың орталық көшелерінде салынды. Мұнда ХІХ ғасырда тұрғызылған ескі үй болған. «Кәсіпкерлердің өз бетінше жасаған әрекеттері қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірді»,– дейді тұрғындар.
 
Анна Иванова, қала тұрғыны:

-Меншік иесі қаладағы ескі үйлерді бұзып, бірден құрылыс жұмыстарын бастаған. Бұл қалайша? Сонда бүгін сатып алса, ертең-ақ құрылысты бастайды ма? Бір күнде рұқсат құжаттарын рәсімдеу мүмкін емес қой. 

Тұрғындардың шағымдарына жергілікті билік жауап қатты. Бұл жер телімінде шағын кеңсе орталығы салыну керектігі белгілі болған. Алайда кәсіпкер оның орнына көпқабатты үй тұрғызған.

Әлібек Антазиев, БҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

-Тексерулер жүргізілді. Қолымызда тиісті хаттамалар бар. Сонымен қатар бұл нысанның заңсыз екенін сот растады. Қазір бұл ғимаратты бұзу туралы шешім бар. Оның жобасы әзірленіп жатыр. Алдағы 1,5 ай ішінде нысанды бұзамыз. 
 
Ал бұл телім жеке тұрғын үйге арналғанымен құрылысшы коммерциялық ғимарат тұрғызған. Қазір бұл іс бойынша сот талқылаулары жүріп жатыр.
 
Мағжан Мұратов, мемлекеттік құрылыс инспекторы:

-Бұл жерде меншік иесі екі жер телімін сатып алған. Онда бір-екі қабатты тұрғын үйлер болған. Жаңа меншік иесі оларды біріктіріп, құрылыс жұмыстарын тұрғын үй ретінде бастаған. Бірақ тексеріс нәтижесінде бұл нысанның коммерциялық екені анықталды.

Биыл мемлекеттік инспекторлар заңсыз салынған 50 құрылыс нысаны анықтады. Олардың ішінде құрылыс нормаларынсыз және рұқсат құжаттарынсыз салынған ғимараттар бар. Алты нысан бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бұл арада әкімдік қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуде. Құжатқа сәйкес, шаһардың тарихи келбетін сақтау үшін орталықта құрылыс жүргізілмейді.
 
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

-Ауқымды құрылыс негізінен гараж кооперативтері орналасқан аумақтарда жүргізіледі. Қазір 10-нан астам гараж кооперативі бар. Олар 60 гектардан асатын аумақта орналасқан. Бұл жерлерде көпқабатты шағынаудандар, мектептер, балабақшалар салынады. Қаланың айналасында жаңа индустриялық аймақтар дамытылады. Яғни ескі өндірістік аймақтар біртіндеп тұрғын алабына айналады.

Қаланың жаңа бас жоспарын жасаумен алматылық компания айналысып жатыр. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. 

Альбина Кұмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Елдар Аюпов