«Егіндікөл-Полтавское» жолының 5 шақырымы әлі күнге су астында жатыр

  • 83
  • 02.07.2025, 18:38

Ақмола облысында аудандық маңызы бар «Егіндікөл-Полтавское» жолының 5 шақырымы әлі күнге су астында жатыр. Біз бұл мәселені осыдан бір ай бұрын көрсеткен едік. Алайда түйткілдің шешілетін түрі жоқ. Бұл жағдай жақын маңдағы екі бірдей ауыл тұрғындарын алаңдата бастады. Себебі көктемгі тасқыннан кейін пайда болған судың шілдеге дейін жатуы алғаш рет болып отыр. Олар Астанаға қатынау үшін егіс алқаптары мен дала жолдары арқылы жүздеген шақырым жүруге мәжбүр. Ал жаңбыр мен қар жауса, қатынас қиындауы мүмкін. Егіндікөл аудандық әкімдігі жолды көтеріп қайта салу үшін сметалық құжат дайындаған. Алайда ол облыстық мәслихатта қолдау таппапты. Енді құжатқа өзгеріс енгізілмек. 

Қайыргелді Әбіш, Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары:

-Біз енді жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындап, Ақмола облысының жол басқармасына жібердік. 1 млрд 300 млн-ға смета-арыз бердік және де Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жібердік. Қазіргі уақытта олар қорытындысын берген жоқ. Сол қорытындысын күтіп отырмыз. Алғаннан кейін тағы да бюджетный заявкаларын жазып, арыз жазып, ақша сұрап сол жұмыстарды әрмен қарай жалғастырамыз.