Ақмола облысында 10 балалар лагері жұмыс істемейді

  • 77
  • 02.07.2025, 18:33

Ақмола облысында 10 балалар лагері жұмыс істемейді. Барлығы қаңырап бос тұр. Тіпті 15 жылдан астам жай тұрған демалыс орындары да бар. Олардың басым бөлігі Бурабай ауданында орналасқан. Бұған не себеп?  

Зеренді ауданындағы мына балалар лагері 20 жылға жуық қаңырап бос тұр. Демалыс орны 200 балаға шақталған. Нысанның жалпы аумағы 3 гектарға жуықтайды. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, лагерьдің есігі тарс жабық тұр. Төңіректе төбеттен басқа тілдесетін жан көрмедік. 

Иә, қазір өңірде осылай жай тұрған демалыс орындары көп. Бір ғана Бурабай ауданында 8 балалар лагері жұмыс істемейді. Себебі көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Ал кәсіпкерлер демалыс орындарын қайта жандандыруға құлықсыз көрінеді. 

 Арман Өмірзақов, педагогика ғылымдарының кандидаты:

-Жыл сайын осы жазғы демалатын лагерь азайып барады. Көбі жай тұр. Оның бәрін іске қоссақ, Ақмола облысында үлкен сауықтыру орталығы болады деп сенемін. Негізгі олардың жұмысын қазір дұрыстау керек. Оларға инвестиция керек боп тұр. 

Қазір аймақта 16 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Онда жылына жергілікті оқушылардан бөлек, өзге өңірлерден келетін 3 мыңға жуық бала демалады. 

Қайрат Сұлтанов, Балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы:

-Егер осы 8 лагерьді іске қоссақ, біз еліміздегі 20-25% балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз ете аламыз. Бұл үлкен көрсеткіш. Қазір бізге тек Астананың өзінен 200-ге жуық мектептің балғындары демалуға келеді. 

Ал білім басқармасындағылар мәселені біртіндеп шешіп жатқандарын айтады. Жақын арада осы демалыс орындарының бірі қайта жұмысын бастамақ.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Біздің құзыретімізге кірмейді және оларға күшіміз де келмейді. Дегенмен біз олардың учредительдеріне хат жазу байланысы бар. Осы 8 лагерьдің бірі Шабыт академиясы Мәдениет министрлігіне қарайды. Солардың құзыретінде. байланыс бар. Өздерінің жөндеу жұмыстарын жасап, іске қосу жоспар да бар. 

Осылайша, қаңырап тұрған лагерьлерді кезең-кезеңімен іске қосу көзделіп отыр. Айталық, биыл ақмолалық 15 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру орталығында демалады. Оның екі мыңына тегін қызмет көрсетіледі. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко