Хайуанаттар аптап ыстықтан қалай қорғалады?

  • 68
  • 02.07.2025, 18:41

Биыл елімізде аптап ыстық. Алматыдағы хайуанаттар бағында ақ аю аппақ қарға аунап жатыр. Солтүстік полюстен жеткізілген хайуанды құтқару үшін генератор қойылған. Шіліңгір шілдеде 4 мыңнан аса өзге жан-жануарды сақтау үшін сан түрлі шара қолданылып жатыр.  

Әлеуметтік желі кейіпкеріне айналған ақ аюдың аты Пурга. Қазақшаласақ, Ақ боран болады. Оның торына қойылған қар генераторынан оқтын-оқтын ақ боран соғып тұрады. Соның арқасында ол өзін түп мекені Солтүстік мұзды мұхитта жүргендей сезінеді. Күн күйіп тұрса да, оның мекеніндегі ауа температурасы +15 градустан жоғарыламайды. 

Юлия Дудкина, хайуанаттар бағының мал дәрігері:

-Алғашқы күндері қар Пурганы сәл шошытты, бірақ оған қазір үйреніп алды. Дегенмен үнемі сонда жатады деп айта алмаймын. Негізінен күн қатты ысып кеткен кезде ғана қар үстінде жатқанын көреміз. Көбіне Пурга бассейнді ұнатады.

Бұл хайуанаттар бағында Ақ бораннан басқа төрт мыңдай жан-жануар бар. Оларды да күннен қорғау үшін торларына су шашып, тоңазыған жеміс беріп, түрлі амал жасап жатыр.

Аптап ыстықта Африкадан әкелінген аң-құс пен маймылдар ғана рахаттанып жүр.
 
Шолпан Әбдібекова, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:

-Мысалға, адам тәріздес шимпонземіз олар субүріккіштерін жақсы көрмейді. Олар субүріккіштер қосылған кезде өзінің мына жататын жайына қарай кетіп қалады, сол жерде тығылып отырады. Сондықтан біз оларды өшіріп тастаймыз. Әрине жаз мезгілін жақсы көреді бұлар, өйткені жаз мезгілінде сыртқа шығады көптеген адамдарды көреді.

Көктем, жаз мезгілінде аңдардың көбі түлейді. Алабажақ жануарларды көрген келушілер күтімі нашар екен деп ойлайды. «Алайда хайуанаттарға барлық жағдай жасалған»,– дейді мамандар.

Алуа Ералықызы, Кенже Амраев