Кентау өнеркәсіптік аймағы 2075 жылға дейін төтенше экологиялық жағдай аймағы болып жарияланды. Экология және табиғи ресурстар министрі 23 сәуірде осындай бұйрыққа қол қойды. Кентау өнеркәсіптік аймағында қауіп тудыратындай қандай экологиялық ахуал қалыптасты?
Бұл Кентау қаласының солтүстігінде іргелес жатқан өнеркәсіптік аймақ. Аумағы 900 гектар. Кеңес заманында мұнда тау-кен өндірісі қарқынды дамыды. Қорғасын, мырыш өндірісі өркендеп, кен байыту комбинаттары жұмыс істеді. Алайда тоқырау жылдары қаржы тапшылығына байланысты кәсіпорындар біртіндеп жұмысын тоқтатты. Жерасты суы көтеріліп, шахталар суға толды. Кей жерлер опырылып түсе бастады. Осылайша бұрынғы өнеркәсіптік аймақта күрделі экологиялық ахуал қалыптасты.
Бір қарағанда ешқандай қауіп сезілмейді. Сай-төбелі, мамыражай дала. Бірен-саран жайылым жүрген малдан басқа ештеңе көрінбейді. Алайда Кентау қаласының тұрғындары бұл жер расында қауіпті екенін айтады.
Фурхад Қауынбаев, Кентау қаласының тұрғыны:
-Адамдар малын жайып жүр. Ол қауіпті саналады. Сол үшін бұл жерді қоршап, қауіпсіздендіру керек. Келуге, бұл жерде жүруге болмайды.
Кен байыту саласының ардагері Жолшыбек Аққұлов бұл жердің астының бәрі бос, кез келген уақытта түсіп кетуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан қоршап, қауіпсіздік шараларын қатаңдату қажет дейді.
Жолшыбек Аққұлов, тау-кен байыту комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Қоршалған жерлерді көрдіңіздер. Арғы жағында түспеген, болашақта түседі деген қауіпті жерлерді қоршап қойған. Бұл жердің асты бос, кені алынған. Түсіп кетеді деген қауіп бар. Аймақ қоршалмаса, кез келген уақытта түсіп кетіп, малды қойғанда адамдардан айырылып қалуымыз мүмкін.
Биыл көктемде Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл маңды 2075 жылға дейін «төтенше экологиялық жағдай аймағы» деп жариялап, Түркістан облысы әкімдігіне бірқатар шара енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, кіріп-шығу, көлік құралдарының қозғалысын шектеу, жаңа кәсіпорындар салуға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге тыйым салу. Осы аумақта тұратындар болса көшіру, экологиялық ахуал деңгейін тұрақтандыруды жүктеген болатын.
Төлеген Жұманұлы, Кентау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
-Бүгінгі таңда бұл жерде ешқандай өнеркәсіптік мекемелер жоқ. Атап айтқанда, Хантағы аумағында біреуі бар еді, ол ертең осы 900 гектар толық қоршалайын деп жатыр. Сол қоршау біткеннен кейін олардың бәрі көшірілетін болады. Қазіргі таңда бұл жерде тек бірен-саран қойшылар мал бағып жүр, басқа ештеңе жоқ.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов 2019-2020 жылдары мұнда 2 бағытта ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. «Біріншісі 900 гектар аумақты қауіпті аймақ деп тану және Кентау қаласын Отырар, Созақ аудандары мен Түркістан қаласы сияқты Арал теңізінен ұшып келетін тұздың әсерінен экологиялық аумаққа кіргізу»,– дейді. Қазір Кентау өнеркәсіптік аймағы бойынша жұмыстар басталғанын жеткізді.
Нұрбол Көкенов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
-Қазір Экология министрілігі мен облыстық әкімшілікпен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде бір ғана мәселе жердің төмен түсу қауіпі бар деп жоспарланып, соған сәйкес қауіпті аймақ деп танылып отыр. Яғни Кентау қаласының экологиялық аумаққа кіруіне өндірістік аймақтың, 900 гектар жердің ешқандай қатысы жоқ.
Кентаулықтар да көршілес аудан-қалалар сияқты экологиялық аймаққа кірді. Жуырда Мемлекет басшысы заңға қол қойып, Кентаудың мәртебесін айқындап берді. Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Енді Кентау қаласы мен оған қарасты ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болады.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов