Қызылорда облысында аптап ыстық күшейіп барады

  • 71
  • 03.07.2025, 18:45

Қызылорда облысында аптап ыстық күшейіп барады. Соңғы күндері өңірде ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Шілденің шіліңгірінде сынап бағанасы 46 градусқа дейін жетті. Ал дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Аптап ыстықпен қатар, шаңды жел аймақ тұрғындарын әбігерге салды. Жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны күрт артқан. Тек соңғы аптада он мыңнан астам тұрғын дәрігер көмегіне жүгінген.

Ғалия Нұрсейітова, облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:  

-Маусым айының ортасынан бері шақыртулар саны 1,5 мыңға дейін жетті. Оның жартысынан көбі балалар. Күн өту жағдайлары да жиі тіркелуде.

Ішек инфекцияларымен ауырғандар саны да артты. Облыстық инфекциялық аурухана күн сайын 70-тен астам адамға көмек көрсетуде. «Оның шамамен үштен бірі шұғыл түрде ауруханаға жатқызылады»,– дейді мамандар. 

Ержан Ыдырысов, реаниматолог-дәрігер:

-Жатқызылған науқастарды сұрау барысында уақытынан ерте піскен бақша өнімдерінің әсерінен нитраттың организмдегі деңгейі көбейіп, соның салдарынан іш өту, құсу ауруларымен жиі келіп жатыр. Соңғы айда көктем айларына қарағанда 2-3 есе жиіленіп тұр. Оның ішінде 2-5 жас аралығындағы балаларда өте жиі кездесуде. 

Ал облыстық ТЖД мамандары алыс сапарлар мен даладағы жұмыстарды уақытша тоқтата тұруға кеңес берді. 

Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

-Облыс тұрғындары мен қонақтарына ескертетініміз, аптап ыстық апта көлемінде сақталуына сәйкес ұзақ жолға шықпауға, сонымен қатар күн астында көп жүрмеуге, кеңес береміз. Өйткені ауру-сырқау, адамдардың барлығы осы уақытта өздерінің әлсіздіктерін байқап, төтенше жағдай қауіп төнуі мүмкін. 

Синоптиктердің болжамы бойынша шілденің шіліңгірі бір айға созылуы мүмкін. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев