Елімізде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандар заңсыздыққа барғандар үшін шара қолданылатынын айтып отыр. Ал қазір өрт қаупі кезеңі жүріп жатыр. Елдің бірқатар өңіріңде оттан келетін қауіп деңгейі жоғары. Бүгінге дейін 27 мың гектар алқапта 261 орман өрті тіркелген. Алдын алу жұмыстарын күшейткен төтенше жағдай қызметінің өкілдері, полиция және өзге де мекеме өкілдерімен бірігіп мобильдік топтар құрған. Орман шаруашылықтары күні-түні бақылауға алынған. Бұл іске арнайы техникалар тіпті ұшақ та қолданылады.
Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
-Орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және геоақпараттық жүйе арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр.