Қазақстанда 5 жылда 1,5 млн маман жетіспеуі мүмкін

  • 94
  • 03.07.2025, 18:38

Елдегі еңбек нарығында алдағы 5 жылда 1,5 млн маман тапшылығы болуы мүмкін. «Ал 2035 жылы бұл көрсеткіш 3 миллионға жуықтайды»,– дейді мамандар. Көпшілік жұмыс таппай жүргенде неге маман жетіспей жатыр? Себебі неде?  

Темір жолдағы әрбір локоматив поезд жолға шығарда түбегейлі тексеруден өтеді. Бұл ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан осы салада борт механигінен бастап, электршінің және дәнекерлеушінің жұмысы өте маңызды. Бірақ қолын қара майға салып, ауыр жұмыс істегісі келетіндер аз.

Нұрғиса Сейілхан, борт механигі:

-Мен секілді мамандар тапшы. Өйткені қазіргі жастар ауыр жұмыс жасағысы келмейді. Жеңіл ақшаға ұмтылады. Менің ойымша осындай ауыр жұмыстан адам маман болып шығады. Тәжірибе жинайды. Себебі бұл қоғам үшін маңызды жұмыс.

«Тек темір жол саласы емес, кадр тапшылығы республика бойынша айқын сезіліп отыр»,– дейді министрлік өкілдері.

Нысанбай Сейсен, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

-Еңбек министрлігі кадрларға болжам жасайды. Сол орта мерзімді болжамға сәйкес, бүгінгі таңда 2025 пен 2035 жылдар аралығында жалпы кадрларға сұраныс 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар саласында 812 мыңға жуық адам қажеттілік етеді. 10 жылдықтың аралығында болса, жалпы 2025-30 жаңағы кадрларға сұраныс 1,5 млн адамды құрайды.  

Ең жоғары сұранысқа ие сала: білім, сауда, денсаулық сақтау, өндіріс өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы. Әсіресе жұмысшы мамандықтар тапшы. Атап айтқанда, күтім жөніндегі орта медициналық кадр, аспазшы, жүк автомобилінің жүргізушілері, сантехниктер мен тракторшылар, дәнекерлеуші және құрылысшы-монтаждаушылар жетіспейді. Сондықтан осы жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланған еді. Соның аясында «Мансап компасы» платформасы іске қосылып, «Ашық есік күндері» мен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр.

Нысанбай Сейсен, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

-Бүгінгі таңда жалпы республика бойынша 791 бос жұмыс орындары өткізілді. Оған 11 мыңға жуық жұмыс беруші өз жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы қатысқан қатысушылар саны 56 мыңға жуық. Жалпы енді бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында 5,6 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 6 мыңға жуық адам жалпы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.  

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 451 мың 500 адам екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүр. 

Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин, Айбек Ақшолақов