Алматыда 20 субұрқаққа жөндеу жүргізіліп жатыр

  • 93
  • 03.07.2025, 18:47

Қала көркі – фонтан. Алматыда 20 фонтанға жөндеу жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, су ішінде тұрған сорғылар әбден ескірген. Әрі ток соғу қаупі жоғары. Кейбірінің істен шыққанына 4-5 жыл болған. Енді олардың орнына жаңа технологиямен жасалған қондырғы қойылады. Бұл қауіпсіз, әрі суды үнемдейді. Санитарлық талаптарға да сай. 

Қалада барлығы 65 субұрқақ бар. Соның 45-і жұмыс істеп тұр. Қалғаны жөнделіп жатыр. Әкімдік ғимараты, Республика алаңы мен Мүсірепов театры маңындағы субұрқақтар қазан айына дейін жаңартылуы тиіс. Бұл жұмыстарға бюджеттен 5 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.

Махамбет Көкімов, қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының маманы:

-1 мамырдан бастап барлық субұрқақ іске қосылды. Олар қазан айына дейін таңғы 8:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа температурасы +5 градустан төмендеген жағдайда субұрқақтар тоқтатылады. Қазір олардың су жиналатын бөлігі мен айналасы тазартылып, қысым жүйелері тексерілді. Ал күрделі жөндеу жүріп жатқан нысан жабдықтары толық жаңартылады.

Алматыда алғаш ашылған ірі субұрқақтың бірі осы. Абай атындағы опера және балет театры ғимаратының алдында орналасқан. 1948 жылы салынған. Биыл сүзгісі ауыстырылды. Жалпы мегополистегі субұрқақтардың тек сыртқы көрінісі емес, ішкі жүйесі де жаңартылып жатыр. Ең бастысы су үнемделеді. Бұрын ай сайын төгіліп, тазаланатын. Енді 2-3 ай бойы суы сол күйінде таза тұра береді. Су бүлінбейді. Балдыр баспайды. Иіс шықпайды.

Күмісбек Амангелдиев, мердігер:

-Алматы қаласы оңтүстік өңір ыстық жақ болғаннан кейін, ол сүзгіден басқа суды ештеңемен үнемдей алмаймыз. Себебі булану деген процесі бар. Қазіргі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Енді болашақта бұл субұрқақ жоқ дегенде 10-15 жыл 20 жылға дейін ешқандай қиындықсыз қызмет атқаруы тиіс. 

Алдағы уақытта тағы 19 субұрқақ жаңғыртылады. Фонтан – қалаға сән береді әрі аптап ыстықта жанға сая болатын жер. Сондықтан алматылықтар оның құрылыс жұмыстарының тезірек аяқталуын күтіп жүр.   

Алуа Ералықызы, Айдос Қалиев