СҚО-да 2 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр

  • 96
  • 04.07.2025, 18:30

Солтүстік Қазақстан облысындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылмай отыр. Өңірде екі мыңға жуық бала кезекте тұр. Орын тапшылығы қашан шешіледі? Бұл мәселеге Парламент депутаттары да зер салып, салынып жатқан нысанда болды. 

Петропавлдағы «Жас өркен» шағынауданында қайтарылған активтер есебінен жаңа балабақша салынып жатыр. Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Нысанның құрылысымен Парламент депутаттары танысып, жұмыс сапасын тексерді. Себебі орын тапшылығына байланысты ата-аналар тарапынан шағым көбейген. 

Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Балабақша тапшылығына байланысты халық депутаттарға да көп шағымданған. Өткен жылы мектеп салынды. Биыл, міне, 280 орындық балабақшаның құрылысы басталып жатыр. Жоспар бойынша, ол осы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс.

Дегенмен бұл орын тапшылығын толық шешпейді. Өңірде 2 мен 6 жас аралығындағы балалар әлі күнге дейін мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылмаған. Облыс бойынша екі мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.

Валентина Черных, білім басқармасының бөлім басшысы:

- Оның 800-ден астамы Петропавлға тиесілі. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін жұмыс жоспары қабылданған. Мысалы, былтыр қалада екі балабақша салынды. Биыл тағы біреуі тапсырылады.

Өңірде мектепке дейінгі 450-ге жуық білім беру ұйымы бар. Оның басым бөлігі ескі. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілмек. Биыл «Реновация» бағдарламасы бойынша екі балабақша күрделі жөндеуден өтіп, құрал–жабдықтармен қамтылмақ. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков