Балаларды тәрбиелеу, құқығын қорғау ұйымдары барлық өңірлерде болуы керек.
Бұл туралы елордадағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында» болған Мәжіліс депутаттары айтты.
Магеррам Магеррамов пен Снежанна Имашева мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, ұжым өкілдері және тәрбиеленушілермен тілдесті. Мұнда жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мінез-құлқында ауытқушылық бар 76 бала тұрып жатыр. Депутаттар өткен сессия барысында мұндай орталықтарға қатысты мәселе көтерген еді. Ал балалардың құқын қорғау, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, қайта тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Балаларды қорғау орталықтарының басты мақсаты – баланың біріншіден, мүддесін қорғау, екіншіден, оны толық кризистен шығарып, қоғамға қайтару. Қазіргі орталықтар осы мақсатты орындайды. Тұрмыс жағдайлары өте жақсы, барлығымен қамтылған. Керек мамандар айналасында бар, психологтар бар, сирек кездесетін мамандар да бар. Ең бастысы, баланың құқық және мүддесін қорғау үшін жасалған.