Алматы облысында балық етін өндіру көлемі артпақ

  • 103
  • 04.07.2025, 18:36

Алматы облысында өткен жылы 5 мың тоннаға жуық балық еті өндірілсе, биыл бұл көлемді 6,5 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. «Акваөсіру туралы» заң жобасының қабылдануы жасанды көлдерде балық өсіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға оң әсер етті», – дейді мамандар.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, республика аумағында 2030 жылы балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Жабық тоғандар мен жасанды көлдерді көбейтіп, балық шаруашылығын дамытуда Алматы облысының әлеуеті өте зор екенін айта кеткен жөн. Қазір өңірде 42 шаруа осы кәсіп түрімен айналысады. Олар өткен жылы 4,8 мың тонна балық етін өндірді.

Мәрлен Тұрсынәлі 13 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданында бақтақ балығын өсіреді. Уылдырықтан шабақ алып, оны тауарлы балыққа айналдыруда тәжірибесі мол.

Мәрлен Тұрсынәлі, Qazaq balyq қауымдастығы Алматы облыстық филиалының төрағасы:

- Шаруашылықтарды жыл сайын өсіріп келе жатырмыз. Былтырғы жылы 500 тоннаға жуық шаруашылықты салдық, оны іске асырдық. Осы үш жылдықтың арасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында 2 шаруашылық салдық. Дегенмен сол шаруашылықтарға Үкіметтің беретін 25% инвестициялық субсидиясын әлі күнге дейін ала алмай отырмыз.

Айдар Мағзұмов, облыстық Табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бөлім басшысы:

- Инвестициялық субсидияға биыл шамамен 200 миллион теңге бөлінді. Өтінім түспегендіктен, тоған балық шаруашылығының құрылысына қатысты ережеге сай қарастырылмаған құрылыс жұмыстарының 25 пайызын өтеп беру қарастырылған. Қазір ассоциация құрылды, біз бәріміз биылдан бастап осы бағытты қолға алып, жоғары деңгейдегі билікке хат жазудамыз. Жұмыстар атқарылады және мәселе шешіледі деп ойлаймыз.